Түркістан облысынан 2 мыңнан астам азамат солтүстікке қоныс аударды

36

Солтүстік Қазақстан облысына еңбек күші артық өңірлерден 6,5 мыңнан астам адам көшіп барған. Бөлінген квотаның 32 пайыздан астамы Түркістан облысының үлесінде. Теріскейге былтыр қоныс аударған 2 129 адамның ішінде 41,7% (889 адам) Солтүстік Қазақстан облысына көшті.

Сонымен бірге түркістандықтар Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарына, Қарағанды, Абай облысына және Ұлытау облыстарына көшті. Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдіргендер саны артып отыр.
Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Еңбек» бағдарламасының мақсаты – халқы тығыз орналасқан Оңтүстіктегі облыстардың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге қоныстандыру. Осы бағдарлама қолға алынған 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жалпы 10 мыңға жуық мүшесі бар 5 мыңдай отбасы теріскейге қоныс аударды.
Қоныс аударған еңбекке қабілетті тұрғынның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылса, қалғаны жеке кәсібін ашқан. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Баспана бойынша көмек көрсетілген. Сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген. «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы жоғары. Жаңа мекенге барып, жаңа өмір бастауға, Қазақстанды өркендетуге түркістандық әрбір тұрғынның мүмкіндігі бар.
Еске салсақ, 2021 жылы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық партия филиалы және облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен, осы бағытты насихаттаушы Ж.Ағабековтің демеушілігімен Сарыағаш және Сайрам аудандарынан 30 отбасы Павлодар облысына аттанып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл жоспар алдағы уақытта да жалғасады.