Ташкентте «Ұлы дала мұралары» көрмесі өтеді

296

15 сәуірде Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрілігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Форумдар» сарайында «Ұлы дала мұралары» тақырыбында көрмесі ашылады.

Көрме Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын негізге ала отырып, Ұлы даланың рухани мұраларын шетелдерде таныту, насихаттау арқылы еліміздегі тарихи орындарға шетелдіктердің қызығушылығын тудыруды, бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне 2003 жылдан бастап енген Орта Азиядағы теңдесіз бірегей сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі мен сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық түпнұсқа ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы) мұралары арқылы еліміздің тарихи-мәдени жәдігерлерін жаһандық деңгейде насихаттауды және түркі тілдес мемлекеттер арасындағы мәдени шығармашылықты, ынтымақтастықты дамыта отырып, еліміздің бай мұраларын рухани жаңғыру аясында бүкіләлемдік қауымдастық кеңістігінде насихаттауды мақсат тұтады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК 2018 жылы Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Бурса қалаларында «Қожа Ахмет Ясауи мұралары және Түркістан» тақырыбында, Грекияның Салоники, Ресейдің Сочи қалаларында халықаралық көрмелерге қатысты.

Көрме экспозициясына 20-дан астам фото картиналар мен Әмір Темір сыйға тартқан ХІҮ ғасырдың құнды жәдігерлері шырағданның тұпнұсқасы, лауха, тайқазан көшірмелері қойылады.

Тайқазан макеті. Тайқазан 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы жасатып сыйға тартқан ортағасырлық туындының бірі. Тайқазан – түр тұрпаты жарты шарға сәл ұқсастау, төменге қарай кеңейе түскен биiк цилиндрлi тұғырға орналасқан. Қазанның жиегi жоғары жағынан қысылыңқырап барып жайпақ горизонталды ернеумен аяқталады. Қазан жеті түрлі асыл және сирек кездесетін металдар қоспасынан Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. 1935 жылы Ленинград қаласына Иран шеберлерінің қола бұйымдар көрмесіне әкетілген. Араға 54 жыл салып, 1989 жылы 18 қыркүйекте қазан тарихи орны Түркістанға қайтарылды. Салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3000 литр, биіктігі – 162см., көлденеңі – 242см. Сырты бес қатар белдеуге бөлiнген оның үшеуiнде өсiмдiк тектес өрнекпен қоса араб жазулары бар.

Қола шырағдандар. Ортағасырлық қола шырағдандар 1397 жылы Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы жасатып сыйға тартқан көне жәдігерлердің бірі болып табылады. Тарихи дерек бойынша шырағадандардың саны алты. 1935 жылы Ресейдің Мәскеу, Санк-Петербург қалаларында өткен «Ортағасырлық Иран шеберлерінің Орта Азия мен Кавказ елдеріндегі еңбектері» конгресіне жіберіліп қайта оралмаған. Ал бір шырағданның екінші бөлігі Францияның Лувр музейінде, бір бөлігі Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы.

Лауһа. Лауһа – тудың қоладан құйылған ұшы, қорық музейдегi Әмiр Темiр дәуiрiнен сақталған құнды жәдiгердiң бiрi. Лауһаны 1990 жылдардың ортасында жан-жақты зерттеуге мүмкiндiк туды.Зерттеулер барысында лауһаның керемет өрнектелгендiгi және тарихи маңызы бар жазбаларынан оның Әмiр Темiрдiң бұйрығы бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне арнайы жасалғандығы анықталды.

1871-1872 жж. жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері – Тайқазан, Лауһа (тудың ұшы), Шырағдандар, Есіктер мен қорық-музей қорындағы этнографиялық, археологиялық материалдар, Түркістан өңіріндегі тарихи-рухани орындардың фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылады.
Көрме 2019 жылдың 15 сәуір күні ашылады.