Қазақстандағы Өзбекстанның бас консулы Аброр Фатхуллаев М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де оқып жатқан жерлес жастармен кездесті.
«Мәңгілік достық — мәңгілік елдің тірегі» тақырыбында өткен іс — шара барысында елші бауырлас елде студенттердің білім алуына жағдай жасалғанына, тыныс тіршілігіне қанықты.
Оқу ордасының Қазақстан Халқы Ассамблеясының арнайы кафедрасы ұйымдастырған кездесу еркін форматта өтті. Мәжіліс залына жиналған студенттер биыл оқуға түскендер. Олар жиын барысында кредиттік білім алуға қатысты сұрақтарына жауап алды. Навои шаһарының тумасы Шохрух Хужамкулов Қазақстанда білім алуына жағдай жасаған Елбасыдан бастап білім ордасының оқытушыларына алғысы шексіз екендігін айтты.
Шохрух Хужамкулов, 1 курс студенті: «Ата-анамның кеңесі бойынша былтыр Қазақстандағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің заң факультетіне түстім. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жатақханада тұрамын, кітапхана, оқу залдары бар. Достарым да көп».
Жастар жылы бауырлас екі елдің білімі мен ғылымын дамытуға студенттерге көптеген жағдай жасалмақ. Кездесу барысында Ташкент пен Шымкенттің университеттерінде филиалдар ашу жайлы уағдаластыққа қол қойылды.
Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаев өзбекстандық жастардың қазақстандық ағайындарының қамқорлығында екенін ерекше атап өтті: «Көңілім толды. «Отырар» телеарнасының көрермендеріне айтарым халқымыздың достығы нығая берсін, еліміз тыныш, Қасиетті Рамазан айы құтты болсын».
Түбі бір түркіден тараған екі ел арасында бірлесіп кадр даярлау, білім және ғылым саласында тәжірибе алмасу жалғасады. Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы, ол жақта да игі бастамалар жүзеге асып жатыр дейді елші.
Шынар Оразова