Қазақстан мен Өзбекстан ағын су мәселесін талқылап, екі жақты келісімге келді. Мамандардың айтуынша, бұл қазіргідей ағын судың тапшылығы кезінде өте маңызды қадам болмақ.
Сырдария өзене автоматтандырылған гидробекеттер орнату, мемлекетаралық каналдарды жөндеу және су үнемдеу бойынша тәжірибе алмасу. Дәл осы мәселелер Түркістанда өткен жиында қазақстандық және өзбекстандық мамандар тарапынан талқыға салынды. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, екі ел арасындағы трансшекаралық су көздерінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері зор. Ауыл шаруашылығына, халықтың тұрмыс сапасына да ықпал етеді. Жиында тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға да келісті.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
«Аймақтардағы су ресурстары трансшекаралық каналдармен тығыз байланысты. Сондықтан ұлттық су стратегиясын қайта қарап, заңдарға түзету енгізілді. Бізде, сіздерде, Қырғызстанда Жаңа су кодексі қабылданды. Тәжікстан да қазір заң өзгертуге дайындалып жатқанын естідік. Бұл тұрғыдан қарағанда, ұлттық реформалар бірін бірі толықтырады деп сенеміз. Бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз»
Түркістан облысында суармалы жерлердің жалпы көлемі 575 мың гектар. Бұл республикадағы барлық суармалы жерлердің төрттен біріне тең. Айта кетейік, былтыр қуаңшылық пен трансшекралық каналдардан ағын судың аз келуі шаруаларды әбігерге салды. Судан таршылық көрген кей шаруалар шығынға батқанын айтып шағымданған болатын. Әкімдік те су тапшылығын жоққа шығармады. Былтыр алғаш рет диқандарға суды кезекпен берді.
Дилара Иса






