Тегіс асфальт. Суағар. Жаяу жүргіншілер жолағы. Веложол. Бұл А. Байтұрсынов көшесінің келешек келбеті. Қазір жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көшенің келбеті осылай өзгермек.
Сөйтіп А. Байтұрсынов көшесі қаладағы ең әдемі көшелердің біріне айналады дейді құзырлылар. Ал қазір жалпы ұзындығы 5,2 шақырымға созылған көшеде құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде.
Адам да, көлік те көп жүретін А.Байтұрсынов көшесінің Т. Рысқұлов пен Түркістан көшесіне дейінгі аралығын ретке келтіруге 1 млрд. 293 млн. теңге бөлініп отыр.
Абай Тұрханов, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Көлік жолы кеңеймейді. Тек жаяу жүргінші жолағы кеңейеді және веложол пайда болады».
Мамандар көше бойындағы ирригацияны да ұмыт қалдырмадық дейді. Сөздерінше, бар арық-атыздар қайта жаңаланады. Және жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге кедергі келтірмес үшін олардың барлығының беті жабылмақ.
Арман Бекбауов, геодезист: «Арық атызды жердің астына орнатып жатырмыз. Әр 6 метр сайын 1 метрлік бетон плиталарын қойып шықтық. Кейін сол плиталар алынып, орнына темір қоямыз. Судың бәрі сол саңылаулар арқылы жердің астымен ағып кететін болады».
А.Байтұрсынов көшесінің жалпы ұзындығы 5,2 шақырым. Бүгінде көше жөнделіп, арық атыздар жаңартылып жатыр. Бір әттеген-айы, осы көшенің Мәделі қожа мен Н. Төреқұлов арасындағы аралықта ирригациялық жүйе қарастырылмаған.
Абай Тұрханов, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл көшеде бұрын болмаған. Латок жоқ. Біз тек барын ауыстырамыз, ал бұл жерде жоқ. Бұл жаққа қажет те емес ирригация».
Мұндағы жұмыстар қала әкімінің жіті назарында. Алғашқы кезеңі 2018 жылы басталған орташа жөндеу жұмыстары осы жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау жоспарланған. Ал оған дейін жаяу жүргіншілер де, автосүйер қауым да амалдай тұруға мәжбүр.
Айжан Ермекқызы