Еңбеккерлерге құрмет

158

Шымкентте еңбек озаттары марапатталды. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған шарада жергілікті билік өкілдері мен «Кәсіподақтар орталығы» қызметкерлері білім, медицина, өнеркәсіп салаларының үздіктеріне құрмет көрсетті.

Атаулы күннің маңызы еңбеккерлерге құрмет көрсетумен ғана шектелмей, қоғам назарын еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де аудару қажеттігімен сабақтасуы қажет дейді ұйымдастырушылар.

Дүниежүзілік еңбек ұйымының деректеріне қарағанда күніне әлемде 6 мыңға жуық адам жұмыс орнында қаза табады екен. Бұл туралы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған «Мұнай-газ саласындағы әріптестік» деген атаумен өткен жиында айтылды.

Мамандар жазатайым жағдайлардың Шымкентте де тиылмай тұрғанын айтады. Жыл басынан бері тіркелген 3 үш оқыс оқиға кезінде осынша адам зардап шегіп, оның біреуі қайтыс болған. Жаңа заңнамада жұмыс берушінің тиісті қауіпсіздік талаптарын сақтауына аса көңілініп отыр дейді жауаптылар.

Қауіпсіздік тақырыбы жан-жақты талқыланғаннан кейін салаға жауаптылар әр салада абыройлы еңбек етіп жатқан мамандарды марапаттап, құрмет көрсетті. Дүниежүзілік Еңбекті қорғау күнінде озаттармен мақтанумен шектелмей, жұмыс істеп жүріп, қаза тапқандарды еске алудың да маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.

Берік Бекжанов, Шымкент қаласы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: «Бұл атаулы датада еңбеккерлерге құрмет көрсетумен ғана шектелмей, қоғам назарын еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де аудару қажет. Әсіресе жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтауға жұмылдыру керек. Қай кезеңде де жұмысшылардың құқын қорғау, әлеуметтік тұрғыда қамтылуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс».

Кәсіподақ өкілдері жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы түрлі дауларды шешудің бір жолы тараптардың еңбек шартын жасасуы дейді. Қазір мамандар еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандырған.

Мақпал Рысбаева