Медбикелердің жалақысы тағы да көбейеді

1356
Медбикелердің жалақысы тағы да көбейеді

Медбикелердің жалақысы тағы да көбейеді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев «Халықаралық Мейіргерлер күні» қарсаңында айтты. Кәсіби мерекеге орай дәрігердің баға жетпес көмекшісі қызметін атқаратындарды құттықтады. Жылдың үздіктеріне бағалы сыйлықтар мен демалыс аймақтарына тегін жолдама үлестірді.

Науқастарды сырқатынан емдеп, олардың айығу жолында еңбегі зор мамандық иелерінің үздіктерін жинаған шарада, арнайы марапаттар мен сый-сияпат табысталды. Жылдың үздік мейірбикесі атағы Түркістан қалалық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде қызмет атқаратын Ақнұр Ырысбаеваға бұйырды. 28-жастағы маман кәсіби мереке қарсаңында арнайы құрметке бөленгеніне қуанышты.

Ақнұр Ырысбаева, Түркістан қалалық орталық ауруханасының мейірбикесі: «Байқауға 28 үміткер қатысты. Бас жүлдені иелендім. Әсерім өте күшті. Жастар жылында маған ең керемет сыйлық болды десем де болады».

Іс-шара аясында 30 жылдан аса еңбек өтілі бар мейіргерлер де марапатсыз қалмады.

Эльмира Қоянбаева, Леңгір қалалалық аурухана мейірбикесі: «Мен еңбек жолымды бастағалы бері 33 жылдан асты. Осы уақыт ішінде медицина саласында көп өзгерістер болды. Еңбек жолын енді бастаған әріптестеріме тек сәттілік тілеймін!».

Бүгінгі күні өңірімізде 42 медициналық ұйым болса, соның барлығы толығымен мейірбикелермен қамтамасыз етілген. Бір дәрігерге 3 медбике көмектеседі.

Медбикелердің жалақысы тағы да көбейеді

Десе де аталған мамандық иелерінің медицинада дәрежесі төмен қызметкерлер екені жылдар бойы айтылып келеді. Облыстың бас дәрігері олардың мәртебесі мен жалақасын көтеру мәселесі құнтталып жатқанын айтты.

Мұқан Егізбаев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Жылдың басынан бері білесіздер, алғашқы медициналық көмек пунктінде қызмет ететін мейіргерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Алдағы алты айдың қорытындысымен тағы да жалақы көтерілетін болады. Сонымен, мейірбикенің ең төменгі жалақысы 80 мың теңгеден кем болмайды».

Медбикелердің жалақысы тағы да көбейеді

Бүгінде Қазақстан бойынша 170 000-ға жуық медбике бар болса, оның 17 000-ы өңір қызметкерлері. Кәсіби мерекеге орай соның үздік деп танылған 100-ден аса маманы арнайы марапатқа ие болды.

Айя Мүтәлі