Облыс полицейлері республикалық «Жолда қабылдау» акциясы аясында 2500-ға жуық азаматты қабылдады

113

Түркістан облысының сақшылары тұрғындарға арнайы қабылдау өткізді. Республикалық «Жолда қабылдау» акциясына қатысқандардың қарасы қалың болды. Полицейлер тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, көкейтесті сұрақтарына нақты жауаптарын берді. Бұл акция ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде іске асырылды.

Акцияның басты мақсаты: азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету, әр түрлі сала бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру, полицейлер мен тұрғындар арасында тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайту. Түркістан қаласында 2 муниципалдық автобус тұрғындар көп шоғырланған жерлерге қойылды. Әр автобуста жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция басқармасының, көші-қон қызметінің полицейлер мен жол техникалық инспекциясының мамандары тұрғындардың өтініштері мен сауалдарына жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ арнайы орындарға құрылған шатыр астында полиция құрылымдарының басшылары тұрғындарды қабылдады.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмас Тастанбековтің айтуынша, қабылдауға келген тұрғындардың қарасы өткен аймен салыстырғанда басымырақ болған. Азаматтардың көпшілігі жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, айыппұлдар мен автокөліктерді тіркеу, көші-қон қызметіне байланысты т.б сұрақтарымен жүгінген. Азаматтардың тарапынан қойылған сауалдарының ешқайсысы жауапсыз қалмай, тіркеуге алынып, бақылауға қойылған.

Аталмыш акция 2019 жылдың 17-18 мамыр күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін екі күн бойы өткізіліп, облыс бойынша жоғары деңгейде жүзеге асты.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары полиция қызметіне, полицейлердің іс-әрекеттеріне қатысты сұрақтарды шешіп, әкімшілік айыппұлдар мен мемлекеттік қызметтер туралы ішкі істер органдарының цифрландырылуы арқылы тұрғындардың толыққанды мәлімет алуына мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, акцияға белсене қатысқан тұрғындар арасынан әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы және арнайы қабылдауға келіп облыс полицейлеріне алғыстарын білдіргендер де болды.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі