Қорқытып несие алуға мәжбүрлегендер сотталды

138
фото Казинформ

Шымкент қаласында студент жігіттерді қорқытып несие алуға мәжбүрлеп,​ ақша мен заттарды иемденіп,​ жалған құжат жасап сайрандағандар сотталды. Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында 30 жастағы Родион мен 24 жастағы Жеңіске қатысты сот үкімі шықты.

Сотталушы екі жігіт жастарды несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, несиеге алынған​ ақшаны және бағалы заттарды иемденіп кетіп жүрген.​

Бұл мақсаттарын іске асыру үшін екеуара келісіп алып Шымкенттің оқу орындарынан 16-18 жастағы жігіттердің соңынан түсіп, жәбірленушіге​ психологиялық қысым жасап жүрген. Айтқанына көніп,​ айтағына жүрмегендеріне қоқан лоққы көрсетіп қорқытқан.

Тіпті кейбірін қала сыртына шығарып, ұрып соққан. Жәбірленушілерге ақша мен заттарды несиеге алдырып,​ өздері тартып алып жүрген. Қылмыстық жұп жарты жылдай осылай тайраңдап келген. Жарты жыл ішінде 5 адамға зәбір көрсетіп, 7 млн. теңге мен бағалы заттарды қорқытып алған.​

Жәбірленушілерге 1,5 млн. теңгеге дейін несие алуға қорқытып мәжбүрлеген. Ал несиеге рәсімдеткен қымбат телефонды қалтасына салып алған.

Барлық жәбірленушілер түгел дерлік бір емес, бірнеше несие алған. Мәселен, Родион Н.есімді жәбірленушіні өз автокөлігіне отырғызып алып микрокредиттік ұйымдар мен банктерге, сауда үйлеріне мәжбүрлеп апарған. Нәтижесінде жәбірленуші Н. бір күнде 540 мың теңге нақты ақшаны несиеге алып, бағасы 260 мың теңге тұратын телефонды тұрмыстық техника дүкенінен бөліп төлеуге рәсімдеген. Жәбірленушінің жаңа телефоны да, ақша да бірден Родионға бұйырған.

Қылмыстық жұп жәбірленушілерден алған заттарды жарты бағасына сатып жіберіп отырған. Құнығып алған екеудің уақыт өткен сайын араны ашыла түскен. Сондықтан да кейінгі кезде жәбірленушілерге 1,5 млн. теңгеге дейін несие алуға қорқытқан. Ең бастысы, жас жігіттердің қалтасында жеке куәліктері болса болғаны. Тіпті құжаты болмаған 18 жастағы жігітті қылмыстық жұп жедел түрде жеке куәлік рәсімдеуге мәжбүрлеген. Құжатын қолына алған күні жас жігіт 1. млн теңгеге несие алған.

Жәбірленушілердің ешқайсысы құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Ата-аналарының өзі банкке үлкен сома берешек екендіктерін бірнеше айдан соң білген. Полицейлер де біраз уақыт қылмыскерлердің ізіне түсе алмай жүрген. Тек сауда орталықтары мен банктердегі бейнекамера жазбасы арқылы күдіктілер анықталған.

Тәртіп сақшылары екеуін де құрықтаған. Жеңістің үйін тінту барысында қару жарақ пен құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде жасалған жалған құжат табылған. Оның сыбайласы Родионның үйінен есірткі заттары тәркіленген. Қылмыскерлердің үйінен жәбірленуші 3 жігіттің жеке куәлігі табылған.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты барлық эпизодтар бойынша екі сотталушыны да кінәлі деп танып,​ алты жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай – ақ, 30 жастағы Родионның бұрын да қорқытып алушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, рақымшылық бойынша жақында бостандыққа шыққаны​ белгілі болды.

Пробациялық кезеңі әлі аяқталмағандықтан жазаға алты ай мерзім қосылды. Сот шешімімен сотталушылар жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Ол үшін сотталушыларға екі ай уақыт берілді.

Жанар Есенбекова