Сайлауға Түркістан облысы бойынша 12 мың есептен шығару куәлігі қажет

321

1 млн 200 мыңға жуық сайлаушысы бар Түркістан облысына дауыс беру құқығын беретін 12 мың есептен шығару куәліктері қажет.

Бұл жалпы сайлаушылардың 1 пайызы. Қазір облыстағы 889 сайлау учаскені мөрмен, дауыс беру жәшігі, әдістемелік құжаттармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Ғани Пердебекұлы, Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары: «60 мыңнан астам  халқы бар Созақ ауданында 38 сайлау учаскесі бар. Қазір сайлаушылардың тізімі жасалуда. Қазір мөр, жәшік және де әдістемлік ақпараттық-анықтамалық құралдар алуға келдім».

Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі сайлауға қажетті құрал-жабдықтарды алды

9- маусымда кезектен тыс өтетін Президенттік сайлауда ОҚМУ-да № 101 және №86 сайлау учаскелері жұмыс істейді. Саяси шараға 14 мыңнан астам студенттің жартысы осы жерде дауыс береді. М. Әуезов атындағы ОҚМУ өкілі Сәкен Мажинбековтың мәлімдеуінше жатақханада 2 609 студент, 15 магистрант дауыс береді. Оқу орнында дауыс беруге ниет білдірген студенттер мекен жайы бойынша «открепительный талонмен» келіп сайлауға қатысады.

Аружан Кеңесбай үшін биылғы президенттік сайлау алғашқы қатысатын саяси шарасы

Сайлауға алғашқы қатысатындардың қатарында Аружан Кеңесбай да бар. Болашақ филолог өз құқығын пайдаланып, лайықты үміткерге дауыс беремін дейді: «Алғаш рет сайлауға қатыспақпын. Құрбы құрдастарымды, барша жастарды сайлауға қатысуға шақырамын».

Естеріңізге сала кетейік, учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәліктерін беруді сайлаушының тіркелген орны бойынша жүзеге асырады. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады. Бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі табыс етілмейді. Есептен шығару куәлігі сайлаушыға оның есептен шығару куәлігін алу жөніндегі өтініші негізінде оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі бойынша беріледі.

Шынар Оразова