Шымкент көлкентке айналып кетпей ме?

164

Демалыс күндері төпеп жауған ақ жауын Шымкентті Венецияға айналдырып жіберді. 15 минутқа созылған нөсер қала көшелерін суға толтырып кетті. Талайдан бері Шымкенттің «бас ауруына» айналған ирригациялық жүйе табиғаттың тосын сыйына дайын болмай шықты. Жаңбыр көп түсетін күз айында Шымкент көлкентке айналып кетпей ме?

Төпеп жауған жауында «Нұрсәт» шағынауданындағы №47 үйдің 9 қабатынан аққан су 4-ші қабатқа бір-ақ жеткен. Бөлмелердің барлығы да төбеден тамшылаған суға толған. Тұрғындар ашу-ызасын кімге төгерін білмей дал.

Динара Шопанова, тұрғын: «КСК-ның адамдарын шақырсам келмейді. Күйеуім 2 ай жұмысқа кеткен. Осы үйдің ақшасын төлейін деп жұмыс істеп жүр. Осы үйді алмай — ақ та қоятын едім. Қайта киіз үйде отырғаным жақсы емес пе еді? Бала — шағамның аузынан жырып сонша ақшаны төлеп отырмыз»
15 минуттық жаңбырда Н.Назарбаев даңғылы, Еуразия базарының маңы, Дулати көшесінің бойындағы сауда үйінің аумағы да суға толып кетті. Тіпті сауда үйінің төбесінен су саулаған.

Салаға жауаптылар қолдан келгенше тырысып баққанын айтады. Алдағы уақытқа қамданып та қойыпты.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы канал, өзендерді орталық көшелердегі ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау үшін мекемелер анықталды. «ЛТД Тұрмыс» және «Бәйтерек ЛБ», және «Югдорсервис» мекемелері. Қатты жаңбыр жауған кезде әр мекеме арнайы топтармен қамтылған. Оның ішінде 15 су сорғытатын көлік, 6 эксковатор, мекемелерде 120 адам жұмылдырылмақ».

Мамандардың бұл жауабы «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кері ме түсініксіз. Дегенмен бұл жұмыс та атқарылар. Алдағы уақытта олардың сөзін жауынды мезгілдер жоққа шығармаса деңіз…

Ал осы салада 20 жыл тер төккен Пернебай Абубакировтың өз айтары бар. Кәсіби маманнның айтуынша тығырықтан шығар жол бар. Тек тыңдар құлақ болса…

Пернебай Абубакиров, «Шымкент қаласының құрметті азаматы»: «Біріншіден, бұрын болған скважиналардың бәрі қайта қалпына келтіру керек. Ескі мешіттің айналасында төрт скважина болатын. Қазір біреуі де жұмыс істемейді. Қазір тездетіп бұрынғы схеманы қалпына келтіру керек. «Нұрсәтті» қосу керек. Әкімшіліктің айналасын қосу керек».

Қаншама жыл қаланың көркеюіне үлес қосқан азаматтардың ақылын тыңдаса бүгінгі шенеуніктерді ешкім де қолынан қақпайды, аяғынан тартпайды…
Шымкенттің ирригациялық жүйелері тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтың тұсауы шешіле ме, жоқ па, әзірге белгісіз…

Гүлжан Көшерова