Нөсер жауыннан қала көшелерін су басып, ары-бері жүріп-тұру қиындады. Тұрғындар бірінен соң бірі қаланың әр аймағынан әлеуметтік желіде видеолар таратып жатыр. Ал қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы жауын-шашын салдарын жою үшін ондаған техника мен жүздеген жұмысты тартылғанын хабарлады.
Шымкент қаласында толассыз жауған жаңбырдан бірқатар көшені су басты. Су ағатын латоктар арнасынан асып, жол бойына жайылды. Көлік қозғалысы да баяулады. Жүргіншілердің жолдан өтуі мұңға айналып, кей тротуарлар су астында қалды.
Көшелермен қоса су тасыған латок, батпаққа батқан тұрғындардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ары-бері жүруге қиналған тұрғындар суды кешіп өтуге мәжбүр болғанын айтады. Жауын-шашынның суын жылдам сыртқа шығаруға қаланың ирригация жүйесі дайын ба?
«Жақсы. Дайын ғой. Көріп жатырсыз, сулар тұрмай жатыр. Далаларда. Өте жақсы. Әкімшілік жақсы жұмыс істеп жатыр».
«Ой, қайдағы дайын? Суға батып келе жатырмыз ғой. Жаяулатып жүрміз…. суға батып шылқылдап келе жатырмын».
«Су басып жүрдік. Сәл ыңғайсыз болды. Таксидің бәрі қымбаттап кеткен».
Жауын-шашын салдарын жою үшін коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Арық-атыздар тазаланып, көшелерді жиналған судан арылту жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін ондаған арнайы техника мен жүздеген жұмысшы жұмылдырылған.
«Қазіргі уақытта қала бойынша коммуналдық қызмет мамандары арық-атыздарды тазалап, су ағатын арналарды ашу және жиналған суды сорып шығару жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар тұрғын үйлерді су басудан сақтау бағытында әрекет етуде»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ
Ресми мәліметке қарағанда қаланың бес ауданына бес мекеме жұмылдырылған. Онда бас-аяғы 2 жүзге жуық техника 5 жүзден аса жұмысшы тартылған.
Дилара Иса






