Шымкентте студенттерден баға үшін ақша сұраған оқытушылар жұмыстан босатылды

308
фото Forbes.ru

Шымкентте «Адалдық алаңы» кеңселік жобасы мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша екі жақты келісімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі шаһардағы бірнеше университетте жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа ұстаздар қауымы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бергені анықталған. Осыған орай еліміздегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қалалық департаменті бастамасымен жоғары оқу орнында бірнеше шара өткен болатын.

«Адалдық алаңы» жобасының жастары саналы ұрпақтан жасырын түрдегі анкеталар алып, бірнеше дәйектерге куә болыпты. Сұрау салынған 9 университеттің 1700-ден астам студенті мен оқытушы құрамы жымысқы әрекеттер барын растаған. Олардың айтуынша, кейбір ұстаздар шәкіртіне бағаны дұрыс қою үшін қаржылай сый-сияпаттар сұраған.

Ал 9 оқытушы кеңсе қағазы мен кейбір оқыту құралын алып беруін ашық айтқан. Олардың бұл заңсыз әрекеттері анықталып, 4 мұғалім жұмыстан босатылып, бесеуіне сөгіс беріліпті.

Ерасыл Төлебаев, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі: «Бізде мұндай анонимді анкета жиі жүргізіліп отырады. Осы арқылы тиісті шара қолданамыз. Ашық түрде жиындар өткіземіз. Студенттерге қоғамдық бақылауды күшейтеміз. «Адалдық алаңы» – жобасы бұл ашық алаң. Университет қабырғасындағы кез келген жас шағымын жеткізуге құқылы».