Шымкенттік дәрігерлер қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа алғаш рет тіліксіз ота жасады

767

Хирургтар ота кезінде 66 жастағы азаматтың өкпесінде пайда болған қатерлі ісікті пышақсыз алып тастады. Бес сағатқа созылған отадан кейін пациентті дәрігерлер операция залынан бірден палатаға ауыстырды.

Операциядан кейін бір тәулік өтпей жатып Альфер Шагвалиев емін – еркін қимылдап, сәтті ота жасаған дәрігеріне алғыс айтты. Обырға шалдыққан науқастың көкірек тұсынан дәрігерлер осыдан бір апта бұрын ғана қатерлі ісік анықтап, шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдапты.

Қарт кісіге онкологтар лопараскапия аппаратын қолдана отырып, операция жасаған. Медициналық құрылғының көмегімен хирургтар науқастың өкпесіндегі қауіпті ісікті тілік жасамай-ақ алып тастады. Мұндай отаны шымкенттік дәрігерлер алғаш рет жасаған. Отаны мамандар бірінші рет жасағанымен, нәтижесі сәтті шықты дейді.

Самат Исмаилов, онколог-хирург: «Тілік жасалмай өкпенің үштен бір бөлігі тіліксіз алынып тасталды. Операцияның артықшылығы аз жарақат болады. Наркотикалық жансыздандырғыш дәрмектерге тәуелділік болмайды».

Мұндай операцияны онкологтар шетелдік әріптестерінен үйреніп келген. Біліктіліктерін жетілдіріп қайтқан. Алдағы апта дәрігерлер тағы екі науқасқа осындай тіліксіз ота жасауды жоспарлап отыр.

Лаура Нақыпқызы