Шымкенттік полицейлер тағы да соттан жеңілді. Әріптесінің әрекетін қолдап, жол көлік оқиғасына қатысты екінші тарап жүргізушіге хаттама түзген пагондының іс әрекеті сотта дәлелін таппады. Бірақ жол апатына шығу тобының инспекторының хаттамасын бірінші сатыдағы судья қуаттаған еді. Осы шешімге келіспеген жүргізуші жоғарғы тұрған сатыдағы сотқа аппеляциялық шағым берген.

Полицейлерге тиісілі қызметтік көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы 5-ақпанда Шаяхметов көшесінде орын алған еді. Арнайы автокөлікті басқарған полиция қызметкері басымдық бар жолда кері бұрылыс жасай беріп «Хюндай Туксон» көлігіне соқтығысқан.

Оқиға орнына жеткен жол инспекторы да хаттама толтырғанда «Хюндай Туксон» көлігін басқарған азаматқа әкімшлік кодексінің екі бабы бойынша іс қозғаған. Ал, қарапайым жүргізуші өзінің кінәлі емес екенін дәлдеу үшін тәуелсіз сапапшы да жалдаған. Бірінші сатыдағы сотта төрағалық етуші судья ол инспекторды да арнайы шақыртқан. Ол тағылған айыптың дұрыстығын сол кезде де мәлімдеген еді.

Тараптарды тыңдаған бірінші сатылы соттың судьясы тәртіп сақшылардың уәжін қуаттап, жүргізушіге айыппұл салған болатын. Алайда,әкімшілік соттың шығарған қаулысымен келіспеген Жеңіс Андас аппеляциялық шағым түсірген. Оның өтініш негізінде азаматтың ісі қайта қаралып, тағылған айыптың күші жойылды.

Жол апатына шығу тобының инспекторының шала тірлігінің кесірінен бұл әкімшілік іс үш айға созбалаңға салынды. Қалалық соттың судьясы хаттаманы ұқыпсыз тәртіп сақшысына шара көру үшін де ПД хат жолдады.

Ернар Балабеков