Шымкенттіктер қазақша дубляждалған «Аладдин» фильмін тамашалады

507

Шымкентте «Аладдиннің сыйқырлы шамы» көркем фильмінің таныстырылымы өтті. Мемлекеттік тілде дыбысталған кезекті туындыны тамашалағандардың арасында арнамыздың тілшісі де көрерменнің ой-пікірін тыңдап қайтты.

Шығыстың шоқтығы биік шығармасы – «1001 түн» кезінде жасырынып оқитын кітап болатын. Ал, бүгінгі премьераға Аладдин хикаяларымен танысуға келгендер көп. Көрсетілімге басты кейіпкер Аладдинді дыбыстаған әртіс те қатысты. Бұл Астана Жастар тетарының әртісі Айсұлтан Жалиевтің алғашқы дебюттік жұмысы.

Айсұлтан Жалиев, Нұр- Сұлтан Жастар театрының әртісі: «Өзіндік қиыншылықтары болды. Бұл жерде тек сөз емес музыка да бар. Ән айтамыз, сол жағынан қиыншылықтары болды».

Анимациялық фильмдер империясы саналатын «Уолт Дисней» студиясының бұған дейін де бірнеше туындылары қазақша дыбысталған. «Алладин» фильмі соның бірі. Диснейдің туындыларымен тәй-тәй басқан, өскен жастар ұсынылған еңбекті бүге-шүгесіне дейін қалт жібермей тырысқаны байқалды.

Райхан Әкімбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз кішкентайымыздан осы Диснейдің анимациялық фильмдерімен өсіп келеміз ғой. Осындай туындылардың қазақ тілінде көбейіп жатқаны қуантады, әрине. Дегенмен аудармадан сәл осалдық байқадым. Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние шығар. Алда жөнделе жатар».

«Қазақ тілінде көрсетілетін мұндай туындылар өскелең ұрпақтың ана тілін қадірлеуіне үлесі зор» деді премьераға қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Айта кетейік, анимациялық фильмнің түпнұсқасы араб ұлттық ертегісінің желісі бойынша түсірілген. Аталған фильм 1992 жылы ең көп қаржы жинаған, 2 мәрте «Оскар» сыйлығын иеленген.

Жанерке Хумар