Суға шомылу маусымына дайындық басталып кетті

455

Шымкентте суға шомылу маусымына дайындық басталып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жазғы уақытта қалалықтар жиі баратын су қоймаларының түбін тазалауға кірісті. Төтеншеліктер су аймағында демалғысы келетіндерге берер кеңестері де бар.

 

Мұндай шараларды ТЖ департаментінің мамандары жыл сайын суға шомылу маусымы қарсаңында өткізеді. Биыл мұндай операциялық жұмыстар «Тоңазытқыш» демалыс аймағының жағалауындағы «Тоғыс» көлінің түбін қоқыстан тазартудан басталды. Әдетте, су астын тазалап беруді демалыс зонасының иелері өздері өтінеді екен.


Екі сағат ішінде құтқарушылар ені 100 және тереңдігі 6 метр көл акваториясын тексереді. Ал бұл су қоймасының түбін тазарту демалыстың тыныш өтуіне кепілдік береді. Себебі, көп жылдық тәжірибесі бар құтқару жасағының сүңгуірлері су астынан күтпеген заттардың шығып жататын айтады.


Мейірхан Әміршиев, Шымкент қаласы ТЖД Суда құтқару қызметінің құтқарушысы: «Судың астын тазалау үшін біз сүңгуір костюмдерін киеміз. Тексеру кезінде сіз ойламаған заттарды да тауып жатамыз. Мысалы, әр түрлі адам өміріне қауіпті шыны ыдыстар, өткір шанышқы заттар мен баллондар шығып жатады».

Дәл осындай тазарту шаралын құтқарушылар басқа демалыс аймақтарында да өткізеді. Мұның тиімділігін стастиканың өзі айтып тұр. Суға шомылу аймақтарында келушілердің жарақат алу жағдайлары соңғы жылдары тіркелмепті.

Айя Мүтәлі