Түркістанда «Азаматтық полиция» жобасы жүзеге асырылуы мүмкін

142

Түркістан «ақылды қалаға» айналады. Киелі шаһарда «SmartTurkistan» атты форум өтті. Қазақстанның ғана емес, шетелдік үздік IT мамандардың басын қосқан жиында түрлі инновациялық жобалар таныстырылды. Қала тұрғындары үшін тиімді әрі қолжетімді болған тың идеялар туралы тілшіміз баяндайды.

Түркістан төрінде алғаш рет ұйымдастырылған форумға 300-ге жуық IT қауымдастығының өкілдері жиналды. Олардың барлығының да мақсаты бір. Түркістан қаласын цифрландыруға өз үлестерін қосу. Қарағанды қаласынан келген «Перспектива» компаниясы жол қозғалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инновациялық жобаны іске қосуды көздейді. Жасанды интелектпен жұмыс істейтін жүйе Атырауда істеп тұр.

Владимир Жуков, «Перспектива» ЖШС-нің бас директоры: «Біздің жобамызда «азаматтық полиция» деген жүйе бар. Бұл жерде шұғыл жағдай орын ала қалғанда тиісті түймені басу арқылы полицияны шақыруға болады. Мұндай технологиялар Еуропа елдерінің тәжірибесінде бар. Сонымен қатар, балалардың арнайы карточкамен мектепке кіру жүйесін ұсынбақпыз. Ол баланың мектепте бармағанын және қанша қаржы жұмсағанын бақылауға мүмкіндік береді».

Жиынға қатысушыларға жарық, су және газ көрсеткіштерін адамның көмегінсіз, орталықтандырылған жүйеде есептейтін технологиялар да таныстырылды. Жергілікті әкімдік тұрғын үй мен әлеуметтік мәселелерді реттеуде қажетті жобаларға қолдау көрсетілетінін айтты.

Ұлан Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі: «Біздің ең бірінші жоспарымыз- тұрақты компаниялар шақыру. Туристерге ыңғайлы және оңай болсын деп, осы біздің тамақтанатын, көңіл көтеретін, тұрақтайтын орындарымызды тез тапсын деп».

Ұлттық компаниялар тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік қызметтеріне қатысты 5 бағыт бойынша жобаларын ұсынды. Айта кету керек, көпшілік назарына іліккен 90-ға жуық жобаның 15-і іріктеліп, маусым айынан бастап қолданысқа енгізілетін болады.

Айя Мүтәлі