Үшінші мегаполис тұрғындары қала күнін дүркіретіп атап өтті

334

Мегаполис статусын алғанына 1 жыл болған Шымкент тұрғындары қала күнін дүркіретіп атап өтті. Наурыз алаңында бас қосқан жерлестерімізді алдымен әкім құттықтап, кейін өнер иелері әсем әндерін сыйлады. Айта кетейік, бұл жолы сахна төрінен танымал жандар ғана емес қала тұрғындары да көрінді.

Еліміздің ең жасыл қаласы бір жыл бұрын мегаполис атағын алған еді. Жаңа статусқа ие болғалы шырайлы Шымкент қала күнін алғаш рет тойлап отыр. Наурыз алаңына жиналған жұртты бірінші болып қала басшысы құттықтады.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Үшінші мегаполис «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қала атанады. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналды. Баршаңызды Қала күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін! Шырайлы Шымкентіміз көркейіп, көріктене берсін!».

Тарихы мол шаһар тұрғындарын даңқты «Ялла» тобы да құттықтады. Одан бөлек, шымкенттіктерге Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды әншілер мен «Бақай», «Азия» тобы өз өнерімен қуаныш сыйлады. Кеш тізгінін белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов ұстады. Бұл шарада ел алдына жұлдыздар ғана емес, қарапайым қала тұрғындары да шығуға мүмкіндік алды.

Ауа-райы ғана емес, тұрғындары да жылы шырайлы Шымкенттің туған күні от шашумен аяқталды. Еліміздегі ең көрікті әкімдерінің қатарын бастап тұрған Ғабидолла Әбдірахымов та мерекелік көңіл күйде. Қала басшысының айтуынша үшінші мегаполис алдағы уақытта адам танымастай өзгеріп, гүлдене бермек.

Назерке Үкібасова