8 жасар Арыс тұрғыны ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр

267

Арыстағы апат кезінде ауыр жарақат алған 8 жасар бала Шымкент қалалық балалар аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, Аян Ерболдың жағдайы ауыр. 24 маусымда Арыстағы жарылыс кезіндегі аласапыранда оны көлік соғып кеткен. Салдарынан бүлдіршін бас ми жарақатын алыпты. Алдымен, Монтайтастың ауруханасына жеткізілген бала кейіннен Шымкентке әкелінген. Бұл жерде науқасқа ота жасалды.

Ғабит Исмаилов, жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Санавиациямен нейрохирург, анестизиолог-реаниматолог жеткізілді. Консилиумда шешім қабылданды, баланың жағдайы тұрақталса, тез арада Нұр -Сұлтанға жеткіземіз».

Науқастың әжесі  аурухананың писхологына қалған үш немересін алып келіпті. Бізге берген сұхбатында жолкөлік оқиғасы  41-ші разъезде орын алған.

Аянның әжесі Зубайраш Сұлтанова

Зубайраш Сұлтанова, Аян Ерболдың әжесі: «24-ші маусым күні таңғы 9-дан өткенде жарылыс болды. Үйде жалғыз едім, немерелерім мешіттен  «Әже, жарылыс болып жатыр, аспанға қарашы» деп үрейленіп келді. Әкелері аурханада жатқан еді. Тез кел деп шақыртып алдым. «Шыға беріңдер, қазір жетемін» деген соң. Әрекеттендік. Барлығы кетіп қалған. Ешкім жоқ. Жарылыстар болып жатыр. Көлігіміз бар, айдайтын адам жоқ. Балалардың ішетін асын пакеттерге салып далаға шықтық, Біреулер  көлікпен келіп отырыңдар деді бес бала  сыйды мен сыймай қалдым. Поштаның жанындағы  дүкеннің  жанында болыңдар , мен сол жерге барамын деп балаларды жібердім.

Сөйтсем, сол жерден  әскерилер балаларды «отырмаймыз әжемізді, әкемізді күтеміз» дегеніне қарамастан көлікке отырғызыпты. 41-разъезде балалар әкелерін көріп, көлікті тоқтатқан. Немерем Аян әке деп жүгірген. Тоқта деп айқайды естіген де тоқтай қалған сол кезде көлік қағып кеткен. Басынан қан ақты. Жедел жәрдем келгенімен ештеңе істей алмаймыз деген. Көлік алып Монтайдың ауруханасына жеткізді. Шымкентке  жеткізуге мүмкіндігіміз жоқ депті ондағылар. Шымкентке хабарлап, сол күні 24 – маусымда қаладағы «Асар» шағынауданындағы балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне  жеткізілді. Дәрігерлер  барлық көмекті көрсетуде. Алла қуат берсін. Жақсы болып кетеді немерем. Бүгін қалғандарын  осындағы писхологқа алып келді. Өйткені жарылыс та, жол көлік оқиғасы да балалардың көз алдарында болды».

Шынар Оразова