Мектепке барар жол жабылды

200

Құрсай шағынауданына қарасты №283 орамның тұрғындары осылай деп шағымданып жатыр. Айтуларынша, бұған дейін өтіп келген төте жолға тосқауыл заңсыз түрде қойылып отыр. Осынған ашынған ел енді жаңбыр жауса батпаққа айналатын ұзақ жолмен жүруге мәжбүр.

Бұған дейін емхана, мектеп пен балабақшаға лезде жететін тұрғындар енді оған бір сағатын кетіретін болады. Себебі төте жолға салынған үй жақында жолды бекітіп тастаған. Жиналғандардың айтуынша картада биік қоршаулы бұл үйдің орнында жол көрсетілген.

Ел енді көзден бұлбұл ұшқан төте жолдан күдер үзген. Таңдаудан айырылған халық ұзақ жолдың да оңып тұрмағанын айтады. Ол қар мен жаңбыр жауса батпаққа айналып шығады екен.

Жылдар бойы түйіні шешілмей келе жатқан мәселеге қалалық жол-көлік басқарма басшысы жауап беруден бас тартты.

Жолы жоқ құрсайлықтардың аялдамасының сиқы да оңып тұрған жоқ. Тұрғындар автобусты қысы жазы көмірдің қасында күтеді. Ал, оларды қалаға жалғыз автобус апарады.

Назерке Үкібасова