Сұлтан Иляевтің көрмесі ашылды

749

Шымкент қаласының мегаполис болуына бір жыл. Осыған орай Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Сұлтан Иляевтің көрмесі ашылды. Көрмеге кескіндеме бағытымен салынған 150-ге жуық жұмыс қойылған.


Ел арасында бейнелеу өнерінің бел баласы атанған қылқалам шеберінің көрмесін тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен әріптестері арнайы келіпті. Олардың арасында есімі елге белгілі кескіндемеші Ерболат Тоғысбайұлы да бар. Әрбір туынды толғануды қажет етеді деген ол шығармалардың қарама-қайшылыққа толы екендігін айтады.

Ерболат Тоғысбайұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Кескіндемеде композициялық шешім деген бар. Мұнда өте сәтті кейбір композициялық шешімдер бар. Өнер жолында бірден үлкен дәрежеге жете қою қиын. Оған сатылап жетеді. Ал Сұлтанның кейбір жұмысында өте сәтті шыққан жұмыстары бар екен».

Мұнда қойылған суреттер кәдімгі көзге таныс, жаубы дайын дүниелер емес. Көрермендер әрбір жұмысқа ұзақ қарап, суретшінің не айтқысы келгенін түсінуге тырысқандай. Бір қарағанда қарапайым көрінетін картиналар келушілерге кескіндеме өнерінің құдіретін сезіндірді. Автордың көздегені де осы.

Cұлтан Иляев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Мен шығармашылығымда негатив бермеуге, мейірімді бейнелеуге тырысамын. Түстерді үйлестіре қолдануға, ашық, жарқын түстер пайдалануға бейіммін. Әкем қолөнерші болған адам. Мен бала күнімде әкемнің оюларына бояу жағатынмын. Сондықтан да барлығын ашық түстермен бейнелеймін. Фактураны ескеремін. Бұл ұлттық реңк береді. Барлық қала тұрғындарына осы көрмем арқылы ләззат сыйлап, олардың көңілін қуантқым келеді».

Ұлттық реңк демекші, туындылардың көбінде этномәдени сипатқа толы шаңырақ, құрақ, ою-өрнек сынды салт-дәстүріміздің белгілері көрініс тапқан. Айта кетейік, суретшінің қазақ болмысын байқататын шығармашылық көрмесі маусым айының соңына дейін ел назарына ұсынылады.

Жанерке Хумар