Сайлау ерекше оқиғаларымен есте қалды

299

Күні кеше өткен сайлау ерекше естеліктерімен есте қалатын болды. Қиялы ұшқыр шымкенттіктердің бірі дауыс беру кезінде би билеп елді таңырқатса, беті ашылмаған келіншек басына орамал салған күйде сайлау учаскесіне тартыпты.

Кеше Қазақ елінің таңмен таласа оянуына екі себеп болды. Бірі Г. Головкиннің жеңісімен аяқталған отандасымыздың жұдырықтасуы болса, екіншісі одан кем түспейтін саяси дода. Жерлестеріміз алғашқысын абыроймен аяқтап, сайлау учаскелеріне ағыла бастаған.

Тарихи сәтте де шымкенттіктер ерекшеленбей қалмады. Бұл жолы ел назарында үшінші мегаполистің жаңа түскен келіні. Әлі беташары да болып үлгермеген ол дауысты жабулы орамал астында берген.

Саяси науқанда белсенділікті жас жұбайлар да танытып жатыр. Той көйлегімен дауыс беруге келген олардың суретін қала әкімі инстаграм парақшасында жариялады.

Оңтүстіктің тойшыл қауым екендігіне сайлау барысынан тағы бір дәлел. Түркістан қаласындағы бұл қария дауысын билеп жүріп берді. Таңдауын № 125 сайлау учаскесінде жасаған ақсақал дауыс беруге бірінші болып келген екен.