Соңғы он жылдықтағы 4-ші жарылыс

473

Бұл соңғы он жылда Арыста болған осымен 4-ші жарылыс. Теміржолшылар қаласында мұндай төтенше жағдайдан бірнеше адам көз жұмған. Алайда, одан тиісті сабақ алынбағандығы анық көрінді.

2015 жылдың 8 қарашасында Арыс қаласы маңындағы полигонда мерзімі аяқталған қару жарақты бір топ адам залалсыздандырып жатқан кезде, оқ-дәрі жарылып кетеді. Салдарынан бір жұмысшы қайтыс болып, тағы бірі жарақат алған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жақын маңда тұрған Камаз жүк көлігінің күлі көкке ұшқан. Абырой болғанда, полигонда болған 16 адам аман қалған.

2014 жылы Арыс қаласының іргесіндегі «ҚазАрсенал» оқ-дәріні залалсыздандыру кәсіпорнында тағы да жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза тауып, біреуі ауыр дене жарақатын алған.

Жойқын жарылыс осыдан 10 жыл бұрын да орын алған. Дәл осы «ҚазАрсенал» мекемесіне қарасты оқ-дәрілерді жою қоймасында күшті жарылыс болған еді. Ол кезде үш адам апат орнында мерт болып, тағы біреуі кейіннен ауруханада көз жұмды.

Жараланғандар саны 17 болатын. Оқиға себебін тексерген мамандар кәсіпорында қауіпсіздік шаралары сақталмаған деген тоқтамға келген болатын.

Тарихқа тереңірек үңілсек, Арыста 1943 жылы да жарылыс болған. Мұнда артиллериялық қойма жарылған. Ол кезде 4 адам қаза болып, 46-сы жарақат алған. 414 вагондардағы оқ-дәрі жойылып кеткен. Ол кездегі жарылысқа да әскери оқ-дәріні сақтау ережесінің бұзылуы себеп болған.

Айя Мүтәлі