Құқық қорғау органдарының 15 қызметкеріне қатысты іс сотқа жолданды

239

Жыл басынан бері Шымкент қалалық полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен 289 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілген. Оның 223 қылмыстық ісі Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қозғалған. Тергеп-тексеру барысында 13 қылмыстық іс бойынша құқық қорғау органдарының 15 қызметкері күдікті деп жауапқа тартылған. Арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берген, пара алған полицейлер де бар.

Шымкент қаласындағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңға қайшы іс-әрекеттерін тергеген Шымкент қалалық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы  223 қылмыстық істің 13-і бойынша 15 қызметкердің ісі сотқа жолданғанын мәлімдеді.

Абуталип Жарасов

Абуталип Жарасов, Шымкент қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары: «Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты – 10 дерегі, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бойынша – 2 дерек, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның № 66/98 әскери бөлімі бойынша – 1 дерек анықталып, қылмыстық іс қозғалған. Ол бойынша күдіктілер танылып, сотқа жолданып қойды».

Қылмыстық істердің 6-уы – сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Полицияда талай реформа жүргізілгенімен, парақорлық қалмай келеді. Осы олқылықты болдырмау үшін ауқымды шаралар қолға алыныпты. Тіпті ауызбастырықтан бас тартқан тәртіп сақшысын қаржылай марапаттау да қаралған.

«Егер полиция қызметкерлеріне азаматтар тарапынан пара ұсынған жағдайда, пара ұсынған азаматтарға қатысты  қылмыстық іс қозғалып, оларға тәртіптік шара қолданылады. Содан кейін, полиция қызметкерлерін марапаттау шарасын жолға қойып жатырмыз. Марапатталғанда, парадан бас тартқандарға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай және мадақтама қағаздарын тапсыру қарастырылуда», – дейді Абуталип Жарасов.

Айта кетейік, полиция қызметкерлеріне пара ұсыну бойынша жыл басынан бері 10 дәйек тіркелген. Ал шымкенттік 5 тәртіп сақшысы пара алу кезінде ұсталған. Нәтижесінде, кінәлі қызметкерлер ішкі істер органдары қатарынан аластатылып, тікелей басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Мөлдір Бекеева