«Қараңғыдан қорқамын»

379

Тағдыр айдарының келесі кейіпкері қараңғыдан және жалғыз қалып қоюдан қатты қорқатынын айтады. Мұның себебін өзі де түсініп кетпейді. Жасы 30-ға келсе де әлі күнге бойындағы қорқынышын жеңе алмауының себебін білмекке арнайы хат жолдапты.

– Сәлеметсіздер ме? Мен Шымкент қаласының тұрғынымын. Жасым 30-да. Ес білгелі қараңғыдан қатты қорқамын. Әлі күнге үйде жалғыз қалсам, түнде жарықты қосып жатамын. Өйткені, қараңғыда бір өзім қалсам түрлі дыбыстар құлағыма келеді. Басқа бөлмеде біреу жүрген сияқты сезінемін. Бойымдағы қорқынышымды жеңу үшін жалғыз қалған кезімде жарықты өшіріп те көрдім. Бірақ нәтиже шықпады. Санаулы секундтан соң қайта қосамын. Бір қызығы, жанымда бір адам болса ештеңеге мән бермеймін. Бойымнан қорқыныш та кетеді. Ттіпті кішкентай бала болса да ең бастысы бір адам болу қажет. Мейлі өзім басқа бөлмеде болсам да келесі бөлмеде бір адам отырса болғаны. Бойымдағы қорқыныш сейіледі,-деп бастапты хатын.

– Бұл қорқақтықтың себебін өзімше ойланып көремін. Мүмкін кішкенай кезімде осы қараңғылыққа қатысты қандай да бір оқиға болды ма екен деп? Бір нәрсе ғана ойыма оралады. Бала кезімде бұзық болдым. Сондай кезде үйдегілер мені қараңғы бөлмеге қамап қоятын еді. Көп те ұстамайтын. Әншейінде үлкендер дауыс көтерсе де, ұрса да мен ешқашан «енді бұзық болмаймын» деп айтпайтынмын. Тек қараңғы бөлмеге қамаса ғана өз еркіммен «енді бұзық болмаймын» деп айқайлап, шығаруларын өтінетінмін. Сондықтан да бойымдағы қорқыныштың себебі осы жағдайлар болды ма деп білемін. Бұл да мен қорқынышымның себебін іздеген кезде ғана ойыма оралды. Оған дейін ата-анам бұл бір тұқымқуалаушылық деп айтып келді.
Енді осы жағдайды ата-анама айтсам, «қорқақтық әкең жағыңның тұқымында бар, біздің балалардың ішінде сол жағдай әкеңнен саған берілген» деп айтады. Психологтан сұрайын дегенім, мұндай жағдай бола ма? Қорқақтық деген нәрсе тұқым қуалай ма? Біз отбасында алты бала болдық. Менен басқасының барлығы бұзық болмады. Менің үстімнен көршілердің тарапынан да күнде шағым түсетін. «Баламызды ұрды, затын тартып алды» деген сияқты шағым айтып келетін. Сондықтан да қараңғы бөлмеге мен ғана қамалатынмын. Менен басқа біреуінің қамалғанын көрген емеспін. Қазір бала кезімнің көбі есімде жоқ. Кішкентай болғандықтан ба? Бірақ есіме түсірсем, қараңғы бөлмеге қамалғаннан кейін мен ешқашан ұйықтай алмаған екенмін. Таң атқанша көрпені бүркеніп, қымтап, қара сорпа болып терлеп, ыстықтап жатсам да көрпемді ашпайтыным есіме келеді. Үлкейе келе есімізді жинап, бұзық болуды да қойдым. Қыз бала болғандықтан уақыт өткен сайын бойымызда биязылық басым бола бастайды. Бірақ мен әлі күнге қорқамын.
Қазір отбасым бар. Күйеуім жұмыс барысымен басқа қалаға кеткенде үйде түнімен жарық жанып тұрады. Әйтпесе, жалғыз отыра алмаймын. Міне, бұл жағдай мені мазалай бастады. Егер психологқа қаралсам, бойымдағы қорқыныштан арыламын ба?
Тағы бір айтарым, түс көрмейтін күнім жоқ. Таң атқанша неше түрлі түс көріп шығамын. Әлі жаспын. Бірақ сонша шым-шытырақ түс көруімнің себебін де түсінбеймін. Бұл жағдай менде 20 жасымнан басталды. Көрген түсімді ұмытып қалуым өте сирек болады. Көрген түсімнің бүге-шүгесіне дейін есімде сақталады. Кейде жылап, кейде күліп, ал кей кездері ашуланып оянамын. Түсімде көбінесе жаныма жақын адамдарымның сатқындығын көремін. Бұл жағдайға іштей үнемі рахатсыз боламын. Оянған сәтте сол адамға қатты ренжимін. Жай ғана түс екенін білсем де бәрібір мен қатты ренжимін. Біраз уақыт бойына сол түс есімнен кетпей жүремін. Бойымдағы осындай бір жағдайлардан кейде өзім де мезі боламын. Шаршаймын. Өзіме-өзім ашумым келеді. Осындай жағдайлардың шешімі қандай болады? Не істеуім керек? Психолог кеңес берсе екен. Жалпы мұндай жағдаймен психологқа бару қаншалықты дұрыс? Осы сауалдарға жауап алғым келеді

ПСИХОЛОГ БҰРЫШЫ:

Ләззат Нұрпейісова, тәжірибелі психолог

– Сәлеметсіз бе, мен сіздің хатыңызбен танысып шықтым. Бұл қорқыныш сезімі деген кез келген адамда болуы әбден мүмкін. Арасында кейбір адамдарда бұл сезім өзінен де үлкен болады. Осы айтқанымдай, сіздің қорқынышыңыз сіздің санаңызда өзіңізден де үлкен сияқты. Өйткені, бір өзіңіз қалған кезде ғана қорқынышты сезінеді екенсіз. Бұл бойыңыздағы қорқыныштың сізден күшті екенін аңғартады. Өзіңіз бала кезіңізде қараңғы бөлмеде көп қамалғаныңызды айтыпсыз. Демек бала кезіңізде өте өткір, қайсар мінезді, алған бетіңізден қайтпайтын бала болғанға ұқсайсыз. Ал баланың мұндай әдеттері үлкендерге ұнай бермейді. Сондықтан олар өзіне бағындыру үшін әртүрлі нәрсені айтуы әбден мүмкін. Әрине, ата-ана мұның барлығын баланы жақсы болсын деген ниетпен жасайтыны анық. Сондықтан да қорқытып немесе күш көрсету әдістерін қолданады. Ал сізді қараңғы бөлмеге қамауы ол сізге күш көрсетілген деп санауымызға болады. Бұл адамның санасында міндетті түрде із қалдырады. Бала ақыл-есін жинап бәрін есте сақтайтын сәтінде көрген-білгенін бәрін ерекше санасында сайрап тұратын болады. Әсіресе 5-6 жасар кездегі әрекеттер баланың есінде қатты сақталады. Және ол кейінгі өмірінде міндетті түрде әсер етеді. Қазір сізге әсер етіп жүрген сияқты болады. Байқауымша сіздің бойыңыздағы қорқыныш сезімі сол қараңғы бөлмеде қамалғаннан кейін пайда болған. Осы тұста мынаны айта өтейін. Бұл ешқандай ауру емес. Кез келген психолог маман бұл жағдаймен жұмыс жасай алады. Және бұл тұқымқуалаушылық та емес. Әкең жақта бар деген сөз сол жзағдайдың себебін тапқысы келудің жәй ғана амалы. «Әкең жақта қорқақ адамдар бар, сондықтан сен соларға тартқансың, біздің үйдің балаларының арасында саған беріліпті» деген сөздер сізге ешқашан көмектеспейді. Сіз өз бетіңізше жұмыс жасап қорқынышыңыздың себебін тауыпсыз. Ал енді, арымен қарай бұл сезімнен арылу үшін өз бетіңізше жұмыс жасау сізге қиын болады. Себебі, қорқыныштың болғанына біраз жылдар болғаны көрініп тұр. Сондықтан психолог маманның көмектескені дұрыс. Бойында көп жылдар бойына жүрген қорқынышты ғана емес, адам бойында енді ғана пайда болған қорқынышты да психологтың кеңесімен жеңе аласыз. Тәжірибелі психологпен кеңескенде қорқынышыңыз күшті болмайды. Сіз әлсіз болмайсыз. Маман кеңесі арқылы сіз өзіңіздің мықты екеніңізді, қорқыныштың сізден үлкен еместігіне көзіңіз жетеді. Осылайшы сіз батыл әрі бала кезіңіздегідей өткір бола аласыз. Сондықтан, тұқымқуалаушлық деген ақталу немесе осы мәселені шешуден бас тарту болып табылады. Мәселені шешудің басты үлкен қадамы өзіңізбен-өзіңіз жұмыс істеу. Өзіңізбен-өзіңіз жұмыс жасау деген ол психологтың жеке кеңесіне жүгіну деген сөз. Психологпен жұмыс істеу уақыты санаңыздағы қорқыныштың қаншалықты орныққанына байланысты болады.
Ал енді, үнемі қорқыныш, жайсыз түс көру осындай жағымсыз сезімдердің болуы және өңіңізде де сол адамға ренжіп жүру осының барлығы жүйкеге қатты әсерін тигізеді. Бұл жалғаса берсе уақыт өте келе ауруға айналуы мүмкін. Сондықтан ерте қимылдап алдын алу керек. Бойыңызға күш жинауыңыз қажет. Бойыңызда осындай қорқыныш сезімі жүре берсе бір күні зардабы болады. Сол себепті, өзіңізге-өзіңіз сенім білдіріп, бәрі жақсы болатынына да сенім білдіріңіз. Ол үшін әрекет жасау керек. Бұл жерде де психологтың кеңесіне жүгінеді.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР