Түркістан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Павлодардың әкімі болып тағайындалды

143
Қайрат Нүкенов
фото tengrinews.kz

Қайрат Нүкенов Павлодар әкімі болып тағайындалды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.  Бүгін облыс әкімі Болат Бақауов Павлодардың жаңа әкімін таныстырды. Қайрат Нүкенов Әнуар Күмпекеевтің орнына келіп отыр.

Қайрат Нүкенов 1970 жылы Павлодар облысы Захаровка ауылында дүниеге келген.
Сібір мемлекеттік автомобиль – жол академиясын «Кәсіпорындағы экономика және басшылық» мамандығы бойынша, Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Павлодар облысы Железин ауданының әкімі, Ақсу және Екібастұз әкімі болды.

2018 жылы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын. Қайрат Нүкенов өз қызметінде Әнуар Күмпекеевті алмастырды.
Еске салайық, 3 шілдеде Болат Бақауов Күмпекеевке қатаң сөгіс жарияланғанын мәлімдеген еді. Оның әкімдікке құны 6 миллион теңге болатын жиһаз сатып алғаны айтылған болатын. Сондай-ақ, Әнуар Күмпекеев былтыр 49 миллион теңгеге қызметтік пәтер алғаны үшін сөгіс алған еді.