Алаяқтар салықтан жалтару үшін фирмаларын қатерлі ісікке шалдыққандардың атына тіркеген

150
фото 24.kz

Шымкент қалалық экономикалық тергеу департаментінде бюджетке төленбеген миллиондаған салық туралы айтылды. Сала мамандарының хабарлауынша, бұл іспен арнайы қылмыстық топ айналысқан. Олар жалған шот-фактуралар өткізіп отырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның кесірінен қала қазынасына түсуі тиіс 1 млрд 240 млн теңге салық алаяқтардың қалтасында кеткен. Бұл шығын әлі де нақты емес. Сондықтан тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктілер еш жерде жұмыс істемей-ақ кәсіпорындар желісі арқылы мемлекетті алдап келген. Олар барлық фирмаларды қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың атына тіркеген. Қазіргі олардың көбі өмірден өтіп кетті. Экономикалық тергеу департаменті бұл іске қаладағы ең үлкен «салық жанжалы» деп баға беріп отыр. Жақын арада қылмыстық іс сотқа жолданады.

Рүстем Рақышев, қалалық экономикалық тергеу департаментінің басшысы: “Қылмыстық топ кейін өздері жауапкершіліктен құтылып кету үшін кәсіпорындарды қатерлі ісікпен айналысатын ауру адамдардың атына тіркеген. Қазіргі күні олардың көбі қайтыс боп кеткен. Олар тек осы іспен ғана айналысқан деп тағы да айта алмаймыз. Сондықтан тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр. Әлі де көбеюі мүмкін”.