Шымкентте бірінші плюсті бағдаршам жұмыс істеуде

373

Шымкент қаласындағы Қ.Рысқұлбеков – Ғ.Иляев және Тәуке хан – Сайрам көшелерінің қиылысында жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіз және тиімді қозғалу деңгейін арттыру мақсатында «Қызыл плюсті» қосымша реттеуші сигнал – бағдаршам орнатылды.

Егер аталған бағдаршамдарда «қызыл плюс» жанып тұрса, онда ол қарсы бағыттағы көлік құралдарының жүргізушілері үшін қозғалысқа тыйым салынғанын, ал солға бұрылып келе жатқан жүргізушілер қарсы көліктің өтуін күтпестен маневр жасай алатынын хабарлайды. Егер «қызыл плюс» жанбайтын болса, ол қарсы бағыттағы көлік құралдары үшін қозғалыс рұқсат етілгендігі, ал солға бұрылатын жүргізушілер қарсы көліктің жүруін күтуі тиіс екендігі туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысымен Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережесіне толықтырулар енгізілді, яғни 5-ші «Сигналдық бағдаршам» бөліміне 5.9-1 тармағы «қызыл «+»-бейнелі бағдаршам» қосылды.