Аулаларды абаттандыруға 1 млрд. теңге

224

Абай ауданында биыл 45 аула абаттандырылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарын бастаған мердігерлер оны өз қаражаттарына жасайды. Бұл Шымкент қаласында биыл қолға алынған мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бұған дейін Еңбекші және Қаратау аудандары осы бағдарламаны қолға алған болатын.

Абай ауданы бойынша 45 аулаға мердігерлер 1 млрд. теңгеден астам ақша жұмсамақ. Ол қаржы үш жыл көлемінде қайтарылады. Ал нысанды күтіп үстау үшін қала бюджетінен кәсіпкерге 300 млн. теңге қаражат бөлінген. Аудан әкімдігінің жоспары бойынша және 45 ауланы абаттандыру үшін ЖСҚ әзірленіп қойыпты.

«Бізде 2011 жылы және демеушілердің көмегімен салынған алаңдар бар бірақ олардың біразының тозығы жеткен. Міне сол аулаларды қайта абаттандыру қажет» дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Бүгінгі таңда аудандағы 103 көпқабатты үйдегі тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Айтуларынша аудандағы кейбір аулалар ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген. Сондықтан тозығы жетіп, тіпті денсаулыққа қауіпті бола бастаған. Қалтасынан қаражат шығарып, аула абаттандыруға кіріскендердің тірлігін қариялар құптап отыр.

Еңбекші ауданындағы балалар және спорт алаңдарын абаттандырып жатқан мердігерлер отандық өнімге басымдылық танытса, Қаратау және Абай ауданындағы құрылысшылар Түркиядан әкелінген жабдықтарды орнатпақ. Себебі ол сынақтан өткен және балалар үшін қауіпсіз дейді.

Нұрлан Күдерұлы