Бокстан Әлем біріншілігінде ел намысын қорғаған жерлестеріміз елге оралды

170

Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бәсеке нәтижесінде ел қоржынына түркістандық жалғыз спортшы жүлде салған еді. Сәкен Бибосыновтың қоласын қанағат тұтқан команда Шымкентке табан тіреді.

Сәкен Бибосынов Әлем біріншілігінде алғаш рет бақ сынап, жарыстан құр алақан қайтқан жоқ. 52 келі салмақта сынға түскен былғары қолғап шебері жарысты 3 – орынмен аяқтады. Сәкен Бибосынов жартылай финалда Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы үндістандық Амит Пангалға есе жіберді.

Сәкен Бибосынов, бокстан Әлем біріншілігінің қола жүлдегері: «Елде шыны керек менен көп адам медаль күткен жоқ. Өз күшіме сеніп шаршы алаңға шықтым. Бұйырғаны үшінші орын екен».

Сәкеннен бөлек бұл жарысқа екі бірдей жерлесіміз барған еді. Шымкент қаласының боксшысы Закир Сафиуллин жартылай финалға жетпей кубалық қарсыласына жеңіліп, жарыс жолынан шықса, 2017 жылы Әлем чемпионы болған Қайрат Ералиевтің де соңғы кездері жолы болмай жүр.

Мырзағали Айтжанов, Түркістан облысының бокстан аға жаттықтырушысы: «Біз бұдан да жақсы дайындықпен ешқайда бұра алмайтындай қылып ұруға бар күшімізді саламыз».

Спортшыларымыз алдағы сайыстарға сайлануға бар күшін салмақ. Токио олимпиадасына жолдама толар жарыстың алғашқысы ақпан айында өтеді. Жерлестеріміз бар жігерін сонда жұмсауға бел буып отыр.

Назерке Үкібасова