Мақтарал АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол үйінің ауласына түнгі уақытта белгісіз тұлға заңсыз кіріп, 1 бас сиырын жасырын ұрлап кеткенін көрсетеді.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 000-нан астам теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Орын алған мал ұрлығының ізін суытпай ашу мақсатында, Мақтарал АПБ ЖПҚ бастығы орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Дүйсенов, полиция капитаны Асылхан Талипбеков, полиция майоры Авазхан Мухтаров және ауданның тәжірибелі полицейлерінен арнайы топ құрылды. Тез арада іске кіріскен тәртіп сақшылары қажетті деп танылған іс-шараларды жүзеге асырып, жақын аймақтарды аралап шықты.
Куәгерлерден сұрастырып, нақты ақпарат көздері арқылы, жедел-профилактикалық іс-шара нәтижесінде күдіктіні Жетісай қаласының көшелерінің бірінен қолға түсірді. Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіге тиесілі автокөлікті тексеру барысында, полицейлердің қылмыскердің ізін суытпай ұстау әдісі іске асып, артқы орындығынан ұрланған мал табылды. Айғақты зат ретінде алынған сиыр, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.
Өз кезегінде жәбірленуші азамат полицейлердің шеберлігі мен қырағылығына, уақыт оздырмай малын тауып берген полицейлерге алғысын жаудырды. Жұмыстарына сәттілік тіледі. Түркістан облысы полицейлері жергілікті тұрғындарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Мал ұрыларынан абай болу үшін, аулаңызды жарықтандырып, бейнебақылау камераларын орнатып, мал-қораларыңыздың есік-терезелерін мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Малыңызды ұрлатып немесе осындай жайттың құрбаны болсаңыз, тез арада полицейлердің «102» телефонына хабар беріңіздер.