Шымкентте көше суреттерінің фестивалі өтті

295

Шымкент қаласында «Street Art Fest» граффити және көше суреттерінен фестивалі өтті. Ерекше фестиваль қалалық жастар орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған.

Аталмыш шарада талантты жас суретшілер бағын сынауда. Қатысушылар байқау шарты бойынша 6 түрлі тақырыптың бірін таңдауы тиіс. Таңдаған тақырыпқа сай суретті 18 түс арқылы бейнелеген жас суретшілердің туындылары келушілердің назарын бірден аударады.

Жастардың туындылары қазіргі қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді көрсетеді. Яғни, қоғамдағы түрлі әлеуметтік жағдайлар мен тұрмыстық зорлық–зомбылық, ерте жүктілік, қала өмірі, еріктілік пен салауатты өмір салты….

Фестивальге 14 және 29 жас аралығындағы жастар қатысқан. Жас суретшілер туындыларын қиялдарына ерік беріп, аэрозол және баллон бояулары  арқылы өрнектеді.


Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – жастар арасында граффити өнерін қалыптастыру. Және жастар арасында суретшілікке жақын жандардың өнерін көпшілікке насихаттау болмақ. Айта кетейік, граффити байқауына 74 суретші қатысып өз өнерін ортаға салды. Арасында оқ бойы оза шыққандары  300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды.