Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

350

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп барады. Шаңырақ астында зәбір көргендердің арасында әйелдер ғана емес, ер адамдар да бар. Жыл басынан қаладағы «Самғау сенім» күйзеліс орталығын 24 ер адам паналаған.

Раушан Жүнісбекованың жасы – 45-те. 7 баланың анасы. Қазығұрт ауданындағы Сабыр Рахымов ауылы тұрғынының «Самғау сенім» орталығына жайғасқанына – 3 айдан асқан. Көпбалалы ана өткен өмірге оралғысы келмейді. 21 жыл отасқан күйеуі үнемі сайтан суға тойып алып, таяққа жығады екен.

Раушан Жүнісбекова

Раушан Жүнісбекова, көпбалалы ана: «Өзімнің 2 қызым, 5 балам бар. Мен түгелі, бала-шағамды да ұра береді. Ұлды-ұл, қызды-қыз демей, сабайды. Қыздарымды да ұрып, тыныштық бермегеннен кейін, үлкен қызым мектепті бітірді де, «Анашым, бүйтіп өмір сүргенше, тұрмысқа шыға саламын», – деп, күйеуге тиіп кетті. Өзім осы жерде әрең жүргенде, бір жеті бұрын сол қызым хабарласты: «Мені күйеуім ұрып тастады. Мені қазір жедел жәрдеммен алып кетіп жатыр», -деп. Мен мұнда отырмын, шеттей бала-шағаммен! Қазір кім-кімге сияды дейсіз, сонда 2 баламды төркінім қарасып алып кетті. Ал мұнда жатқаныма 3 айдан асты, енді 6 ай толғанда қайда барамын?!»

Осы және өзге де тағдырдың тәлкегіне тап болған 9 әйел және 27 бала қазір осы орталықты паналап отыр. Олар үшін мұнда әлеуметтік, медициналық, тұрмыстық, психологиялық және құқықтық қызметтер көрсетіледі. Және 3 мезгіл ыстық тамақпен де қамтамасыз етілген. Бірақ, келушілердің бұл орталықты небәрі 6 ай ғана тұрақтауына болады.

Икрамхан Әбдішәкір, «Самғау сенім» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының заңгері: «Әрине қыстың күндері, Шымкентте отбасындағы зорлық-зомбылық көбейетін кез. Бұл анық. Себебі, қыста жұмыссыздық көп болады. Сондықтан сол уақытта ерлі-зайыптылардың жанжалы көбейіп, біздің орталыққа келушілер де артып кетеді. Сондықтан, жұмыссыздықты жою керек». 50 орындық әлеуметтік орталықты жыл басынан бері 770 адам паналаған. Оның 297-сі – әйел болса, 652-сі – кәмелет жасына толмаған балалар. Тіпті орталықты отбасында зәбір көрген 24 еркек те паналапты. Жергілікті полиция өкілдері миллионды қалада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардан күндіз -түні дамылсыз қоңырау түсетінін айтады.

Ғалымжан Жетібаев, Шымкент қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша, күніне әр ауданның өзінде 25-30 жағдай боп жатады. Арасында ерлер де бар ғой. Қоңырау түскен бойда, оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары барады. Олар барып, жаңағы құқықбұзушылаққа қатысты хаттама толтырады, сотқа жолдайды».

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкенттің шаңырағында шу шығарған 472 тұрғынына қатысты ӘҚт кодексінің 73-бабына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылған. Отбасында зомбылық көрген 2512 адам арнайы қорғауға алынған.

Мөлдір Бекеева