Мешітке келуші жамағатқа имамдар  медициналық сақтандыру жүйесін түсініруде

280

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бастауымен  барлық мешіттегі имамдар жамағатқа медициналық сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша  дін өкілдері  Алла үйіне келуші азаматтарға денсаулықты сақтандыру туралы насихаттап, келер жылдан бастап іске асатын денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйенің дамуына өз үлестерін қоспақ.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері  200-ден мешіт имамдарына семинар дәрісін өткізген.  Мұндай түсіндіру жұмыстарынан кейін иамдардың өзі жергілікті емханаларына барып, мәртебелерін  анықтаған.

«Бізде Шымкент қаласы бойынша 280-ге тарта имам болса, оның 220-сы емханаға барып мәртебелерін анықтаған.  Имамдар медициналық сақтандыруды жәй ғана біліп қоймай,  мешітке келуші жамағаттарға бұл тақырып туралы кеңінен түсіндіруді қолға алдық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әдетте мешітке көп көмек сұрап келеді. Міне осы азаматтарға да мемлекеттен көрсетілуі  тиіс  медициналық  көмектер  туралы да айтып береміз»-дейді  Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары  Мұхаммед Естеміров.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты бағыты мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген дербес төлеушілер – өздері үшін жарна төлейді. Осылайша, «сен бүгін басқаларға, ертең олар саған көмектеседі» деген ортақ жауапкершілік қағидаты бойынша,  медициналық көмекке мұқтаж адамдарға мұқтаждығы төмен азаматтардың есебінен қызмет көрсетіліп, қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік береді.