Шымкент қаласының қазынасында қаржы жетіспейді. 2019 жылғы қала бюджеті 240 млрд. теңгені құрады. Алайда бұл мегаполистегі мәселелерді шешуге жеткіліксіз. Қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр осылай дейді. Салдарынан әлеуметтік, білім, медицинадан бастап ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық саладағы бірқатар мәселе шешуін таппай қалайын деп тұр.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша 2 миллионға жуық тұрғыны бар Алматы қаласының бюджеті 586 млрд, миллионнан сәл асатын халқы бар Нұр- Сұлтан қаласының қазынасы 437 млрд. теңге. Ал сол шамадағы тұрғыны бар Шымкенттің бюджеті екі есеге аз. Қазынаға кіріс көздерінің бірі — жаңа баспаналарды сатудан түседі деп жоспарланған қаражат та түспеген.
Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Тұрғын үйлерден 23 млрд. теңге кіріс бюджетке түседі деп жобаланған. 17 млрд. теңге түспейді, өйткені ол үйлер пайдалануға берілмеген. Құрылысын аяқтауға қосымша қаражат керек».
«Демографиялық өсім бар Шымқалада бүгінде мектептер, медициналық емхана мен ауруханалар жетіспейді» деген шенеунік қаржы тапшылығы салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлер мемлекеттен тиісті қолдау ала алмай отыр дейді.
Ербол Садыр , Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Облыстан бұрын протез алуға, курорттарға 2 млрд. 10 млн. теңге қаржы бөлініп келсе, 593 млн. теңге Шымкентке бөлінетін. қазір ол ақша да бөлінбеген».
Шенеунік коммуналдық саладағы мәселеге де тоқталды. Аумағы 117 мың гектарды алып жатқан Шымкент қаласының жартысында кәріз жүйесімен қамтылмаған. 2019 жылы республикалық бюджеттің нақтылау кезінде Шымкенттегі 11 нысанның құрылысына 5 млрд. теңгеге жуық қаржыға бюджеттік өтінім беріліпті. Алайда қаржы қаралмаған. Дәл осындай жағдай ауыл шаруашылығы саласына да қатысты.
Қаржы тапшылығы жайлы қала әкімі Ерлан Айтаханов Үкімет басшысы Асқар Маминді хабардар етіп, қолдау сұраған. Қала әкімі орынбасарының айтуынша көмек көрсетілетін болды.
Шынар Оразова