Шымкентте «Жолда қабылдау» акциясы қорытындыланды

138

Шымкентте жаңа форматта жалғасын тапқан «Жолда қабылдау» республикалық акциясы қорытындыланды. Қорытындыға сай, бұл жолы полиция қызметкерлеріне келіп, өздерін мазалаған сауалдарын жолдаған қала тұрғындары мен қонақтарының саны әдеттегіден 2 есеге көп болған.

Тәртіп сақшыларының мәліметіне сүйенсек, түскен арыз-шағымдар саны – 1351-ге жеткен. Оның 1099-ына құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. 265 азамат әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде ақпарат алу үшін бұрылған. 301 адам жол ережелері бойынша келсе, 121-і – автокөліктерді тіркеудің жолын сұраған. Жүзге жуық адам көші-қон саласына қатысты мәселелерін айтып, шағымданыпты.

Асылбек Алиев, Шымкент қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы: «Арнайы келіп, кеңес сұрағандардың дені – жастар. Олар  жол жүру ережесіндегі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша  бекітілген айыппұлдарды сұрады. «Сергек» камерасына түскен соң, қанша күнде төлеу керек немесе қандай жағдайда жеңілдіктер қарастырылғанын білгісі келді. Осы орайда, тұрғындарды жол ережесін бұзбауға шақырамын. Және аталған бейнекамераға түскен жағдайда, 7 күннің ішінде айыппұлды төлесе, 50 пайыз жеңілдік жасалатынын ұмытпаңыздар дегім келеді».Айта кетейік, «Жолда қабылдау» республикалық акциясы әдетте ашық аспан астында, көпшілік орындар мен көше қиылыстарында өтетін. Бұл жолы 15 стационарлық бекет пен полиция департаментіне қарасты фронт-офистерде қолға алынды. Онда Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылығы, сондай-ақ, әкімшілік полиция басқармасы, көші-қон қызметі, жол-техникалық инспекциясы, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімі, криминалдық полиция қызметкерлерді тұрғындарды тыңдап, сол мезет арыздарын қабылдаған.

Мөлдір Бекеева