80 дана су құбырының қақпақтарын ұрлаған күдіктілер ұсталды

189

Сайрам АПБ-не белгілі фирма басшысынан арыз келіп түседі. Онда мекемеге тиесілі 80 дана су құбырының қақпақтарын 1 айға жуық уақыт ішінде белгісіз тұлғалар ұрлап кеткенін көрсеткен. Әрқайсысының құны 13 000 теңге болатын қақпақтар үшін жәбірленуші мекемеге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеден асады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеледі. Орын алған мүлік ұрлығын ашу мақсатында Сайрам АПБ криминалды полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі, учаскелік полиция инспекторлары қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, олар шұғыл іске кірісті. Жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ұрлыққа бейім азаматтарды тексеріп, жақын аймақтарды аралады, көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде, бейнекамерадан күдіктілердің бейнесі табылып, күдіктілердің екеуі ұсталды. Үшіншісі іздестірілуде.

Күдіктілер жергілікті тұрғындар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілердің біреуі қамауға алынып, екінші сыбайласының бас шарасы «қолхатта». Белгілі болғандай, күдіктілер кез-келген көшедегі су құбырының қақпақтарын ұрлап әкетіп, темір алатын орындарға бөліп-бөліп, сындырып сатып отырған. Ақшасын өз қажеттілігіне жаратқан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері арам ойлы азаматтардан қашанда сақ болып, қажетті шараларды жасауға шақырады.

Ұрылардан абай болыңыздар. Сондай-ақ, мал-мүлкіңізді, бағалы заттарыңызды ұрлатып алсаңыз немесе жоғалтсаңыз, тез арада полицияның «102» телефон нөміріне хабар беріңіздер.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі