Шымкентте 25 полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

228

Шымкентте 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты сот үкімі шықты. Үкім қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды. Сотталғандардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полиция тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы басшысы Артықбек Жаппаров пен 5 бөлім басшысы бар.

Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, заңсыз сыйақыға азаматтарға жүргізуші куәлігін беріп, шет елден әкелінген көліктер мен тіркеуде жоқ темір тұлпарларға мемлекеттік нөмір жасап берген деген айып тағылған еді.

Шымкент пен Оңтүстіктегі полицияның бірнеше лауазымды тұлғасы бір күнде ұсталған. Күдіктінің бірі — кабинетін іштен кілттеп, арнайы жасақ есікті ашам дегенше қылмысқа айғақ болар ақша мен құжаттарды өртеп, кейбірін жеп қойған. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу екі жыл жүрді. Сол аралықта ұйымдасқан топтың 144 жүргізуші куәлігін және 330-дан астам көлікке құжат сатқаны анықталды. Бір жарым мың томнан асып кеткен қылмыстық істің өзі сотта бір жарым жыл қаралды.

Өткен жылдың шілде айында басталған процесте айыпталушылардың жетпіске жуық қорғаушысы қатысты. Сотталушылардың алды 2016 жылдың шілде айында ұсталып, үш жылдан бері уақытша тергеу абақтысында отырды.

Осы уақытты жаза мерзіміне қоса есептегенде және Елбасы жариялаған рақымшылыққа ілінген 23 адам сот залынан босатылды. Тағы 4 адамды сот ақтады. Ал әкімшілік полиция тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы бастығы Артықбек Жаппаровқа ҚР ҚК-ның бір емес, үш бабы бойынша айып тағылып, 11 жылға сотталды.

Сонымен, ұзақ мерзімге үкім кесілгендер жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтейтін болады.

Мөлдір Бекеева