Шымкентте студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дебат өтті

506

«Ғаламат» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында студенттер арасында дебат ұйымдастырды.

Басты мақсат – білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және нақты шараларды қарастыру, жаңа идеялармен бөлісу болып табылады.

Осы тұрғыдағы пікірталастар жастар үшін пайдалы, себебі, біріншіден, жастар осындай пікірталасқа қатысу арқылы ізденеді, құқықтық сауаттылықтарын арттырады, осы арқылы олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасуына септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

Әділқазылар қатарында Департамент, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, ішкі саясат және дін істері басқармасының, «Серпіліс» қоғамдық қорының, Арнайы мониторингтік топ өкілдері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі мен журналистер болды.

Барлығы дебатқа 8 жоғарғы оқу орындарынан 8 команда қатысып, әр команда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің жолдары туралы дайындаған жобаларын ортаға салды.

Әділқазылардың шешімімен Silkway Халықаралық университетінің «Шахан шері» командасы І-орынды иеленсе, ІІ-орынды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Болашақ» командасы иеленді, ІІІ-орынға Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің «Алаң» командасы лайық деп танылды.

Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық қағидаттарын енгізу мақсатындағы шаралар жалғасатын табатын болады.