Қазақстан бойынша тұрмыстық зорлықтың құрбандары негізінен Түркістан облысы мен Шымкент қаласының нәзік жандылары екен. Осылай деген «Өнеге» ұйымы 6 айды қорытындылап форум өткізді.
Өмірден баз кешкен адамдарды тығырықтан шығаруға арналған жоба маусым айында басталған болатын. Осы аралықта психологтардан 125 шымкенттік көмек сұрап хабарласқаны анықталды. Олардың бірі суицид жасауға бекінгенін жеткізсе, кейбірі жынысын ауыстыруды алға қойыпты. Ал, енді бірі 10 жыл бұрын көрген зорлық оқиғасын жайып салған.
«Жұмыс барысында бізге психологиялық орталықтардың ауадай қажет екенін түсіндім. Психологиялық кеңес әр тұрғынға керек. Бүгінде адамдар бір-біріне сенуден қалған. Мәселен, баласының басындағы мәселесін ата-анасына айтудан аяқ тартса, ерлі- зайыптылар да жұбының көзіне шөп салғанын ешкімге айтпауды жөн санайды. Осылайша іште сақталған уайым мен реніш соңы ауруға әкеп соғады» дейді ұйым өкілдері.