«Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар…»

321

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордененің иегері, С. Есенин атындағы Ресей Жазушылар одағының алтын медаль иегері, белгілі ақын-жазушы Ханбибі Есенқарақызының мерейтойын оңтүстік өңірі дүркіретіп атап өтті. «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар…» атты шығармашылық кешке алыс-жақын шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен көп қонақ келді.

Шынашақтайынан шымыр жазуымен халқын мойындатқан ақынның 70 жасқа толған мерейтойына құттықтап келушілердің қарасы көп. Барлығы дерлік Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалап, жаңадан тұсауы кесілген 10 томдық жинағымен танысты. Өмірінің 50 жылын шығармашылыққа арнаған тұлға мерейтой қарсаңында жарыққа шығарған жинағын таныстырды.

«Өлең жазып бастағаныма 50 жыл болды. Мектеп қабырғасындағы өлеңдерімді «шығарма» деп санамаймын. Енді ес білгеннен бастап есептесек, 20 жасымда газеттерге суреттерім мен өлеңдерім шыға бастады. Сол кезден бері қарап отырсам, жарты ғасыр уақыт өткен екен. Жарты ғасырдан бері жазылып жүрген еңбектерімді жинақтап, бүгін жариялап отырмын. 10 томды құрады. Ішінде 3 томы – поэзия, 1 томы – эсселер. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов сияқты майдангер жазушылардың өмірі туралы жазғанмын. Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев та бар. 10 томның ішіндегі 1 том әрине Алаш азаматтарына, қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланғандарға арналды. Сол азаматтардың ұрпақтарының сұхбаттары жарияланды. Мен Оңтүстік Қазақстандағы Саяси қуғын-сүргін музейін 15 жыл басқардым. Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен тығыз байланыста болдым. Сондықтан да 1 томды осы тақырыпқа арнауды жөн көрдім. Ал тағы 1 томы прозаға арналады. Бір ғана қазақ әйелінің тағдыры арқылы қазақ әйелдерінің ғасырлар бойы көрген қиыншылықтарын жинаған «Жібек» повестімді, шынымды айтсам, жылап отырып жаздым. 1916 жылы қазақ жігіттерін қара жұмысқа алудан бастап, 1917 жылғы революция, шекпенделірдің барлығы тізесін батырып, сол жылдары болшевиктер қазақтардың малын тартып алып, кәмпескілеп, өздерін жер аудартып жібергені жайлы айтылады. Фактке сүйеніп айтар болсақ, Қазақстанда 107 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олар Сібірдің адам аяғы баспайтын жерде жазасын өтеді. 25 мың адам атылып кеткен. Қазір қаламыздағы Қайтпас деген жердегі «Бауырластар» зиратында 2500 адам жатыр. Оларды атып өлтіріп сосын бетін жауып кете берген. Міне, осының барлығы мына 10 томдық кітапта айтылған. Қазір бұл кітапарды қала әкімдігі алып, кітапханаларға таратып беріп жатыр. Енді осы кітаптың шығуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев демеушілік жасады. Егер осы азамат болмағанда, менің 10 томдығым он мың данамен жарық көрмей қалар еді. Ақын үшін ешқашан шекара жоқ. Сондықтан мен осы сәтті пайдаланып Нұрлан мырзаға үлкен алғысымды білдіргім келеді».

Ел арасында Кең тынысты кемел ақын атанып кеткен тұлғаны қазақ елі ержүрек мінезімен жақсы таниды. Өлең өлкесінің Хан қызы поэзияға ғана көңіл бөліп қоймай, прозаны қатар алып жүруі де үлкен жауапкершілік. «Ақжол» газетінің тігінділерін ақтарып, кітапқа айналдырып, халқымен қайта қауыштырғаны екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Елімізге белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының да айтары бұл.

«Ханбибі жан-жақты ақын. Еліміздегі барлық ақындардың өз орны өз биігі бар. Ал Ханбибі өзінің өте нәзік лирикасымен ерекше. Екінші жағынан Ханбибі – өте өжет, батыл мінезді ақын. Нәзіктік пен батылдықтың үйлескен үлгісі ретінде көруімізге болады. Соншалық нәзік бола тұра өмірде болып жатқан қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамаған адам. Әсіресе ғылым-білім саласында күрмеуі шешілмеген мәселелерге қалам тербеген тұлға. Ғалымдардың жазған бір кітабын 1-2 сөзбен айтып салған адам. Ханбибінің жолы жай ғана поэзия емес, осындай үлкен мәселелерді көтеріп жүре білгенінде. Жай айтып қоймай, іс жүзінде де көрсете білген жан. Сауаттандыру жолында еңбегі сіңген адам. Бұл – кез келген ақынға берілмейтін қасиет. Осы қасиеті үшін оның биігі мүлдем басқа. Біздің қазақ халқының өзін-өзі танып, өзін-өзі білуі осы тәуелсіздік заманында басталды. Біздің мұрамыз, көптеген ақпарат материалдарымыз әлі тығулы жатыр. Ал Ханбибі «Ақжол» газетін қазақ халқына қайтарды. Бұл – үлкен рухани еңбек. Мен сол еңбектерін оқыдым, әлі оқып бітіре алмай келемін, өйткені өте көлемді. Ол газеттерде көптеген шындық айқын жазылған. Міне осындай еңбекті халқымен қауыштырған тұлға. Енді қарап отырсаңыз, біздің қоғамда бір ғана романымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» сыйлығын алған адамдар бар. Ал, осындай жәдігерді халыққа қайтарған жалғыз Ханбибі екенін ескерсек, неге ол алмасқа? «Әбден лайық» деп білемін. Ол өте көп жылдарын, маңдай терін, еңбегін арнады. Елімізге керек рухани білімнің көзін ашты. Осы облыстағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филрмонияның жекешелендіруге өтейін деп тұрғанында халықтың қазынасы ретінде сақтап қалған да Ханбибі. Сол ғимаратқа күрделі жұмыс жүргізуге де мұрындық болған осы қыз. Тікелей Шәмшінің аты беріліп, Шәмшінің ескерткіші орнатылуы да осы қыздың бірбеткейлігі мен өжет мінезінің арқасында болған іс. Ал мәдениет саласы мен ана тілімізге сіңірген еңбегін айтпай-ақ ел-жұрт біліп отыр. Енді алаш зиялыларын халыққа танытуда атқарған жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай. Жоғарыда айтып өткен бір ғана «Ақжол» газетін қайтарудың өзі неге тұрады? Сондықтан да Ханбибінің еңбегі насихатталу керек. Ол ешқашан артық етпейді».
Алаш аманатын арқалаған жазушының еңбегі дәріптелген кешке еліміздің түкпір-түкпірінен көп қонақ келді. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен арнайы ақын қыз үшін ат терлетіп келген қонақтар да жетерлік. Ханбибі Есенқарақызы ендігі міндеті — «Ақжол» газетінің 25 томдығын аяқтау басты жоспары екенін айтты.

«Мен қазіргі таңда «Ақжол» газетінің 25 томын жазып бітірдім, соның 10 томы жарық көрген. Енді келесі жылы қалған 15 томы жарық көрсе, бұл қазақтың қоржынына салған үлкен олжам болар еді. Мен 70-ке келдім деп қарап жатпаймын. Үйреніп қалған кәсіп – жазуды тоқтатпайтыным анық. Өйткені қазір ойдың толысып, кемелденген шағы. Сондықтан, бойым-да жаным барда, халқыма қызмет етемін. Халқыма рухани сый жасаудан шаршамаймын. Себебі мен халқымды сүйемін»

Еліне, халқына деген ыстық ықыласын жүрекжарды сөзімен білдірген Ханапаның шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті. Ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды. Жас буынға халқы үшін қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен ұрпақ үшін, рухани тәрбие маңызды деп санайтын тұлғаның тұғыры қашан да биік болғай.

Жанерке ХУМАР
Фото — Әйгерім БЕГІМБЕТ

«Оңтүстік Рабат», №48, 27 қараша 2019 ж