Енді дүкенде дау шығарып, әкімші іздеп немесе шағымдар кітабын сұрап әуре болудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғаудың жаңа, ыңғайлы тәсілі енгізілмек. Егер дүкенде заң бұзушылық байқасаңыз, арнайы QR-кодты сканерлесеңіз жеткілікті. Шағымыңыз бірден кәсіпкерге немесе тиісті органдарға жіберіледі. Бұл жүйе халықтың уақытын үнемдеп, мәселелерді тезірек шешуге көмектеседі дейді жауаптылар.
БОЛАТ ТАНАБЕРГЕНОВ, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Әр сатушының сауда орнында QR-код болуы керек. Егер чекке қатысты сұрақ туындаса, оны сканерлеуге болады. Сондай-ақ тұтынушы салық немесе чек мәселесі бойынша шағымын мемлекеттік кірістер департаментіне жібере алады. Болашақта осы QR-код арқылы сатушыға немесе дүкен иесіне тікелей шағым жолдау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Көбіне бутиктерде жалдамалы сатушылар жұмыс істейтіндіктен, кей жағдайларда иесі болып жатқан заңбұзушылықтардан бейхабар болуы мүмкін».
Цифрлық сервис арқылы мына құқық бұзушылықтар туралы жедел түрде хабарлай аласыз:
Егер қызметкерлер дөрекі қарым-қатынас көрсетсе;
— Чек берілмесе немесе қолма-қол емес төлемді қабылдаудан бас тартса;
— Тауарды қайтару және айырбастау кезінде мәселелер туындаса;
— Салық заңнамасы бұзылса.
Осылайша кәсіпкерлер үшін талаптар күшейтіліп отыр. Мәселен, Бұрын сатып алушының заңды талаптарын елемегені үшін тек ескерту берілетін болса, енді мұндай бірінші рет жасалған бұзушылықтың өзіне-ақ айыппұл салынады.
ЛАУРА БАБАС






