Шымкентте Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаңа жыл мерекесінан бастап 5 қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Ондағы мақсат – жаңа жылды тойлау кезінде пиротехникалық заттарды қолдану барысында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді.
«Отшашудың салдарынан дене жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Осындай себептермен жаңа жыл қарсаңында ауруханаға түсетіндер қатары көбейеді. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар болғандықтан, төтенше жағдайлар департамент мамандары ата-аналардың балаларға отшашудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, тыйым салу қажеттігін ескертеді.
Жаңа жыл да таяп қалды. Қала аумағында осы мерекені өткізетін 567 орын және Президент шыршасына арналған 1 алаң белгіленген. Сол орындардың өрт қауіпсіздігін қадағалап, кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Біздің мамандар 5 қаңтарға дейін қалада күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз қарсы алайық! — деді М.Жақсыбаев.
– Қала тұрғындарына айтарымыз, сақтық шараларына көбірек назар аударыңыздар. Қыс мезгілінде міндетті түрде дауылды ескертулерге көңіл бөлу қажет. Ұзақ жол сапарға шықпас бұрын облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйі туралы «112» немесе 33-74-84 телефондары арқылы білсеңіздер болады. Осы орайда сіздерге «Дәрмен» тегін қосымшасын жүктеп алып, пайдалануды ұсынамыз. Себебі бұл қосымшада жолдардың жабылуы мен ашылуы туралы, басқа да төтенше жағдайлар туралы хабарламалар жедел түрде жеткізіледі. Сонымен қатар түрлі төтенше жағдайлар кезінде жасайтын іс-қимылдар туралы пайдалы ақпаратты ала аласыздар, — деді департамент басшысының орынбасары.