Жаңа жыл қарсаңында дәрігерлер пиротехникалық бұйымдардың қауіпті екенін кезекті рет ескертеді. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда жарылғыш заттар түрлі жарақаттарға себеп болуы мүмкін. Әсіресе, қолмен қолданылатын салюттер балалар үшін үлкен қауіп төндіреді. Сонымен, пиротехникалық заттар сатып алғаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендер саны қанша және оның қандай қатері бар?
Кейбір отбасыларда жаңа жыл мерекесінде отшашу ату дәстүрге айналған. Бұл көрініс әдемі болғанымен, әрдайым қауіпсіз деуге келмейді. Дегенмен, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді.
ЕРЖАН БАЙДУЛЛАЕВ, БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Биылдыққа ондай жағдай тіркелген жоқ. Жарақатпен түскен науқастар ол бойынша. Бірақ былтыр алдыңғы жылы науқастар болған. Саны жағынан мынау бұл заттарға кез-келген жерлерге сатуға тиым салығандықтан қазір балаларда жарақат алудың саны азая бастады. Бұрын көп болатын».
Балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ержан Байдуллаев пиротехника, тіпті лицензияланған болса да, ауыр жарақаттардың жиі себебі болатынын еске салады. Өткен жылдардың тәжірибесі медицина қызметкерлерін сақ болуға үйреткен. Дәрігерлер ата-аналарды да фейерверк сатып алудан бас тартуға шақырады.
ЕРЖАН БАЙДУЛЛАЕВ, БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Енді оған біраз жыл өтіп кетті. Бір 7-8 жыл бұрын науқас келіп, үлкен салютке қарап жанбай қалған. Жаңа жылдан кейін ертесіне өзі жағамын деп бала отшашуды жағып, бетімен қарап тұрған кезде жаңағы салют жарылып науқастың бетінің бәрі күйіп қалған. 2 көзі де сол жарақаттан травма алды. Өтен ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде ем қабылдап, науқас шығарылған болатын. Бірақ ол көз жанарынан айырылған болатын».
Токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов әріптестерін қолдайтынын айтады. Дәрігер салюттердің ауыр улануға да әкелуі мүмкін екенін еске салып, оларды қолданғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін ескертеді.
АСЫЛХАН МЫҢБОСЫНОВ, ТОКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Пиротехникалық бұйым сатып алғанда тек ресми сатушыларды таңдаған жөн, базардан алған дұрыс емес. Екіншіден, пиротехниканы қолдану кезінде ғимараттар мен автокөліктерден кемінде 30–50 метр қашықтық сақталуы керек. Өйткені оның қалай әрекет ететінін алдын ала білу мүмкін емес, бұл өрттің алдын алу үшін қажет. Ең бастысы – пиротехникалық бұйымдарды мас күйде пайдалануға болмайды».
Күтпеген жағдай туындағанда, дәрігерлер ең маңыздысы – дер кезінде медициналық көмекке жүгіну екенін ескертеді. Жылдам әрекет жасау денсаулыққа келер ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі.
Ботакөз Әнуар






