ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

142

Жастар жылы аясында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жұмысшы жастарды баспанамен қамту жұмыстары – Шымкент қаласы әкімінің басты назарында. Бүгін қала басшысы Ерлан Айтаханов жыл соңына дейін жұмысшы жастарға берілетін, құрылысы аяқталып қалған жалдамалы пәтерлерді өз көзімен көріп, пысықтады. Аралау барысында әкім құрылыс компанияларының басшыларына үй құрылысын мерзімінде аяқтауды ескертіп, сапасына және инфрақұрылымдық жүйесі тұтынуға сақадай сай болу керегін қадап айтты.

Жалпы, алдағы екі жылда Шымқала жастары үшін 900 пәтерден бөлінетін болады. Осылайша бағдарлама аясында 2704 жас жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

Бұдан бөлек, Ерлан Қуанышұлы қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ескі қалашықтағы Цитадельге барды. Ондағы құрылыс жұмыстарын қадағалаған шаһар басшысы ескі қалашықтың құрылысы 2020 жылы өз мерзімінде аяқталуы тиіс екенін баса айтты. Археологтар және құрылысшылармен болған кездесуде әкім Ескі қалашық ауданының тарихи жоспарлау құрылысын барынша сақтауды ескертті.

Бүгінде 2200 жылдық тарихы бар көне шаһарымызды айшықтайтын ескі қалашықтың құрылыс жұмыстарын «Қаржан Тау» құрылыс компаниясы жүргізуде. Мердігер Әлихан Батырханұлы келер жылы өтетін ТМД елдерінің мәдени астанасымен тұспа-тұс келген Шымкенттің 2200 жылдығында аталған нысанды сапалы әрі уақтылы тапсыру үшін бар күшін жұмылдырып жатқанын айтты.