Тұрғындар жылуға жарымай отыр

318

«Суық батареялер үшін ақы төлейміз». Шымкентте 100-ге жуық отбасы жылуға жарымай отыр. Арнамызға арызданған Ю. Гагарин көшесіндегі № 52 көпқабатты үй тұрғындары «күн суыса, пәтеріміз де суып кетеді» деп шағынады. Ал жауаптылар жылудың мардымсыздығына тұрғындарды кінәлап отыр.

Нина Искандарова күн суығаннан ауа баптағыш құрылғысын сайлай бастайды. Себебі, жүйелерде жылу мардымсыз. Пәтер ішінде қабат-қабат киіммен жүретін тұрғындар бұл түйіткілге жыл сайын тап келетіндерін айтады. 3 бөлмелі пәтерге төлейтін 7 мың теңгеміз желге ұшып жатыр деп шағынады олар.

Нина Искандарова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Екі жаққа да шығынданып жатырмыз. Қыста жылуға да төлеймін, электр қуатына да көп төлем келеді. Себебі, күн суи бастаса, батареялар де суып кетеді. Амал жоқ, жылытқыш қосамыз. Сөйтіп қып-қызыл шығынға батамыз. Бұл қашанға дейін жалғасады?».

Ю. Гагарин көшесіндегі №52 үйде бүгінде 100 отбасы тұрады. Тұрғындардың дені зейнеткерлер мен мүгедектер екен. Халықтың жылуға шағым айтып «бармаған жері, баспаған тауы» қалмаған. Әкімдікке де, орталық диспетчерге де күн сайын хабарласатындарын айтады. Тіпті азаматтардың құқын қорғаумен айналысатын органдарға дейін де арыздандық дейді. Нәтиже жоқ!

Ал жылу берушілер бар кінәні тұрғындарға артып отыр. Жауаптылардың сөзіне қарағанда, пәтер иелері «қыстың қамын жазда ойламаған».

Асқар Бөлешов, жылу тарату бөлімінің басшысы: «Қыс шанасын жаз сайлау керек қой. Тұрғындар салғырт қарап отыр жылуға».

Пайдалануға берілгеніне жарты ғасыр болған көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйесі осыдан бірер жыл бұрын 40 пайызға ғана жаңартылыпты. Сапалы жылумен қамтылу үшін бұл жұмыстар толығымен жүргізілуі тиіс екен. Дегенмен, жауаптылар пәтерлердегі жылуды қалпында сақтау үшін реттеу жұмыстарын жүргіземіз деп уәде етті.

Мақпал Рысбаева