Электр энергиясының бағасы 5,9 пайызға өсті

319

Электр энергиясына тариф 5,9 пайызға өсті. Шымкенттіктер жыл басынан тұтынған электр жарығына енді жаңа тарифпен – киловатына 15,52 теңге төлемек. Былтыр абоненттер киловатына 14,65 теңге төлеп келген. Су мен табиғи газдың тарифы биыл өзгеріссіз.

Шымкент қаласының тұрғыны Виктор Терещенко коммуналдық төлемдер түбіртегі қолына тиісімен оны төлеуді әдетке айналдырған. Зейнеткер әлі тұтынбаған газ бен суға алдын ала төлем жасағанын да жеткізді.»Коммуналдық төлемдерді түбіртектегі көрсетілген сомалар емес, артығымен төлеймін. Солай маған қолайлы. Әзірге тариф өзгермеген. Өзгерсе байқаймын ғой».

Жаңа жылда газ және жылу тарифі өзгерген жоқ. Электр қуатының бағасы шашамен 6 пайызға өскен. Былтыр тұрғындар жарықтың бір киловатына 14 теңге 65 тиын төлеген болса, 2020 жылдан бастап 15 теңге 52 тиын төлейді.
Салима Бопова, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Электр энергиясымен қамту бағасының өсуі Энергетика министрлігінің бірқатар стансаларда бағаны көтергеніне байланысты орын алған. Айтарлықтай, баға көтерілген. Сондықтан «Энергопоток» электр энергиясына бағаны көтерген».

Алайда суға келген түбіртекте тұрғындар екі түрлі бағаны байқаған. Қаңтар айы үшін тұтынған мөлшері екі түрлі – 119 теңге 82 тиын және 123 теңге 30 тиын деп көрсетілген. Бұл тірлішік нәрінің қымбаттағаны емес, монополистің уақытша өтемдік тариф енгізуінде. Яғни, судың бағасын уақытша төмендетуге міндеттелген.

Салима Бопова, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Су ресурстары -маркетинг» ЖШС -і былтыр, 2019 жылы қыркүйектің 1-нен 31-ші желтоқсан аралығында тұрғындар және жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындарға уақытша өтемдік тариф енгізілуіне қатысты тариф 75,62 теңгеге дейін төмендетілген. Бізде барлық ірі субъектілерде тарифтер шектеулі, яғни, тарифтер 5 жылға бекітіледі. Тариф тұтыну бағасының индексіне сәйкес өседі. Алайда департамент тарапынан жұмыс жүргізіліп, тариф су кәріз жүйесінің қызметі мен жылу мен газға өспеді».

Айта кетейік, уақытша өтемдік тариф 2018 жылы барлық өңірлерде енгізілген. Бұл тариф өз инвестициялық міндеттері мен бекітілген шығындарды орындамаған коммуналдық қызметтерге қатысты белгіленген.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметі бойынша «Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігі алдын бекітілген шығындарды 102,88 млн. теңге көлемінде орындамаған. Бұл сома былтырғы үш айда су бағасын төмендету арқылы тұрғындарға қайтарылды.

Шынар Оразова