Бір жылға ТМД елдерінің мəдени астанасы атанған Шымкентте мәдени шараның ашылу салтанаты сәуірдің 3-күніне жоспарланған. «Қажымұхан» стадионында өтетін жобаға жергілікті өнерпаздармен қатар, шетелдің мәдениет майталмандары арнайы шақырылып отыр. Бұл жөнінде Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, «Наурыз» алаңының аумағынан этно-ауыл тігіліп, онда қазақ ұлты мен өзге этнос өкілдері тұрмыс-тіршілігі таныстырылып, мәдениетінен сыр шертер дүниелер ұсынылмақ. Көрме аясында ұлттық дастархан таныстырылып, тағам түрлерінен фестиваль өтеді. Цирк қойылымдары мен сатира жанрына да ерекше мән берілмек. Бұл үшін арнайы жарыстар қолға алынып, таланттарды ТМД елдеріне паш ету көзделіп отыр екен.
Анимациялық фильмдер де мәдени жобаның сценарийіне енген. Шымкенттік аниматорлар мен режиссерлерді марапаттау жоспарланыпты. Театр фестивалі да шетелдік өнер ошақтарының қатысуымен өрбиді. Бұл мақсатта ТМД елдерінің арнайы қоры қаржы бөліп, жеңімпаздарға сый-таралғы табыстамақ.
Ал жылдың ең маңызды жобаларының бірі — әлем ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің — 1150, Абай Құнанбайұылының — 175 жылдығы. Есімі мен еңбегін еске салар халықаралық ғылыми-конференцияларды қоспағанда, қос тұлғаның құрметіне ескерткіштері бой көтермек.
Мөлдір Бекеева