Қанша шымкенттік мекенжайға еgov.kz арқылы тіркелді?

307

Жиырма мыңнан астам шымкенттік мекенжайға еgov.kz арқылы тіркелді. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, қазақстандықтар мекенжай бойынша тұрақты тіркеуге тұру үшін ХҚО-ның онлайн баламасы – egov.kz таңдай бастаған. Былтырғы көрсеткіштерді есепке алатын болсақ, ХҚО арқылы 1,5 млн адам, онлайн түрде 479 мың адам тіркеу рәсімін жүзеге асырған, сәйкесінше әр төртінші азамат тұрғылықты тіркеу рәсімін электронды түрде жүргізген.

Биылғы жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша онлайн түрде мекенжей тіркеуіне тұрушылар саны біршама өскен. Бұл қызметті алу үшін 184 мың адам ХҚО-ға жүгінсе, 63 мың азамат ешқайда бармай-ақ онлайн түрде жүзеге асырған.

Өткен жылы тұрақты тіркеуге онлайн түрде 20 338 шымкенттік тұрса, тағы 1 155 адам egov.kz порталы арқылы уақытша тіркеуге тұрған.

Ескеретін жәйт, бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Азамат egov.kz-ке тіркелетін мекенжай мен жеке мәліметтерін жазса, баспана иесі оған рұқсатты жеке кабинетіне келген сұрауды мақұлдау арқылы береді.

Мөлдір Бекеева